7 мамыр — Отан қорғаушы күніне орай, елге адал қызмет етуді өмірлік мақсат еткен азаматтарға құрмет ерекше. Олардың бірі — Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының 4-курс курсанты Алмас Исенов.

Ол әскери қызметті таңдауды бала күнгі арманына балайды. Енді сол арманын жүзеге асырып, ел қорғаны болуға бар күшін салып жүр.

Курсанттың болашаққа деген сенімі мен мақсаттары жайында әріптесімнің материалына назар аударайық.

Әскери өмір – ерлік пен тәртіпке негізделген таңдаулы жол. Бұл жолды жүрек қалауымен таңдағандардың бірі – Ұлттық ұлан академиясының 4-курс курсанты Алмас Исенов. Бала күнінен нағашы ағасының әскери киімін көріп, оның батыл бейнесіне сүйсініп өскен Алмастың сол сәттен бастап әскери қызметке деген қызығушылығы артады. Ол Уалиханов ауданы, Кішкенекөл ауылында туып өскен. Бүгінде сол бала күнгі арманына бір табан жақындап, елге адал қызмет етуге дайын. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, тәртіп пен талапты серік еткен Алмас — болашақта Отанын қорғауға аянбай еңбек ететін нағыз патриот.

СНХР: АЛМАС ИСЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҰЛАН АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КУРСАНТЫ


Ұлының әр қадамын жүрегімен сезіп, тілекші болған ананың қуанышы мен толқынысын сөзбен жеткізу қиын. Әсіресе, баласының әскери өмірді таңдап, еліне қорған болар азамат ретінде қалыптасуы – ана үшін екі есе мақтаныш. Тәртіп пен табандылықты серік еткен ұлының жүрегіндегі Отанға деген адалдық – ана жүрегінің сенімі мен тәрбиесінің жемісі.

СНХР: ЖҰЛДЫЗ ИСЕНОВА, АНАСЫ


Әке – баласының әр жетістігін жүрекпен сезінетін жан. Сайлаубек Исенов ұлының бойындағы жігер мен табандылықты ерте аңғарған. 9-сыныптан бастап гір көтерумен айналысып келе жатқан ұлы спорттағы алғашқы қадамынан-ақ өз мықтылығын дәлелдеді. Бүгінде Азия чемпионы, әлемнің екі дүркін чемпионы атанып, ел мерейін асырған спортшы. Бұл жетістіктер — үздіксіз еңбек пен қайсар мінездің нәтижесі.

СНХР: САЙЛАУБЕК ИСЕНОВ, ӘКЕСІ


Арманға жетелер жол оңай болмаса да, жүрегімен сеніп, жігерімен алға ұмтылған жан үшін ол — өмірлік мақсатына айналады. Алмас Исенов — сол асқақ арман жолында тайсалмай келе жатқан жастардың бірі. Оның бойынан батылдықты, спортшыға тән шыдамдылықты және елге деген шынайы сүйіспеншілікті көруге болады. Мұндай жастар — еліміздің тірегі, болашағымыздың кепілі. Ал Алмастай курсанттар барда Қазақстанның ертеңі сенімді қолда екеніне күмән жоқ.