1 наурыз – Алғыс айту күні – халқымыздың ынтымақшылдығы мен достастығының символы, қонақжайлылығының көрсеткіші ретінде атап өтіледі. Алғыс білдіру - қарапайым адамгершілік парыз. Алдына келген баланы білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытып тәрбие беруде ұстаздардың еңбегі зор.
Кейбір мамандықтар жүрек қалауымен емес, тағдырдың жетелеуімен таңдалады. Виктория Бородай да заңгер болуды армандағанымен, өмір оны білім саласына алып келді. Ұстаздың пікірінше, оқушыларға білім беру – өзіңді дамыту, әлемге жаңа көзқараспен қарау.
ВИКТОРИЯ БОРОДАЙ , ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН «ЛОРД» МЕКТЕП-ЛИЦЕЙ-ИНТЕРНАТЫНЫҢ ТАРИХ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ:
- Шыны керек, мен алғашында мұғалім боламын деп ойлаған жоқпын. Бірақ уақыт өте келе тарихқа деген қызығушылығым артып, осы білімді өзгелермен бөлісудің маңыздылығын түсіндім. Мұғалім – тек білім беруші емес, сонымен қатар оқушылардың ой-өрісін кеңейтетін, олардың тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін тұлға. 18 жылдан астам уақыт бойы осы салада жұмыс істеп келе жатқаным – мамандық таңдауда қателеспегенімнің дәлелі.
Тарих – өткен оқиғалар жиынтығы ғана емес, ол - өмірлік сабақ. Виктория Викторовна сабақтарын жаттанды деректер негізінде құрмайды. Ол оқушыларға тарихты түсінікті ету үшін ерекше әдістер қолданады.
ВИКТОРИЯ БОРОДАЙ , ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН «ЛОРД» МЕКТЕП-ЛИЦЕЙ-ИНТЕРНАТЫНЫҢ ТАРИХ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ:
- Сабақтарымда «Рандомайзер» әдісін қолданамын. Бұл – заманауи технологиялардың бірі. Оқушылар арнайы сілтеме арқылы өтіп, рандомайзерді іске қосады. Сабақ барысында үш сұрақ беріледі, және олардың қайсысына жауап беретінін мен емес, рандомайзер анықтайды. Мысалы, оқушы батырманы басқанда 1, 2 немесе 3 деген сандардың бірі түседі. Егер 2 саны шықса, ол сәйкесінше екінші сұраққа жауап береді. Бұл әдістің ерекшелігі – сабақ бойы үнемі жаңа бірдеңені ойлап табудың немесе үздіксіз ақпарат берудің қажеті жоқ. Бастысы – оқушыларға қызықты болатын осындай интерактивті элементтерді енгізу. Осылайша, олар өздері де процеске белсенді қатысып, сабақты ықыласпен тыңдайды. Мұғалім ретінде мен үшін ең маңыздысы – балалармен бір толқында болу.
Виктория Бородай – өз ісінің маманы. 2003 жылы ол «Үздік педагог» республикалық конкурсының жеңімпазы атанды.
ВИКТОРИЯ БОРОДАЙ, ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН «ЛОРД» МЕКТЕП-ЛИЦЕЙ-ИНТЕРНАТЫНЫҢ ТАРИХ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ:
- Бұл мен үшін үлкен жетістік әрі кәсіби деңгейімді дәлелдеудің маңызды кезеңі болды. Конкурс бірнеше кезеңнен тұрды, әрқайсысында мұғалімнің кәсіби шеберлігі, оқыту әдістері және оқушылармен жұмыс істеу тәсілдері бағаланды. Әрине, бұл оңай сынақ емес еді, бірақ мен үшін ең бастысы – өз тәжірибеммен бөлісу және жаңа нәрселерді үйрену болды. Осы байқау маған кәсіби тұрғыдан дамуға, әріптестерімнің тәжірибесін көруге және өз әдістемемді жетілдіруге мүмкіндік берді.
Оқушылары да биік белестерді бағындырып, республикалық және халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып келеді. Ұстаз үшін ең үлкен жетістік – шәкірттерінің өмірден өз орнын тауып, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуы.
ХАСАН ИКСАНОВ, 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
- Виктория Викторовна тарихқа қызығушылығымды оятты. Сабақтары әртүрлі, тақырыпты қызықты етіп түсіндіреді. Қзаір дүниежүзі тарихы бойынша олимпиадаларға қатысуға дайындалып жүрмін.
ДАРЬЯ ЖЕЛОБКОВИЧ, 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
- Тарих пәні сабақтары ерекше тартымды өтеді, өйткені мұғалім түрлі ойындар мен әдістерді қолданады. Бұл менің пәнге деген қызығушылығымды арттырып, тарихқа деген сүйіспеншілігімді оятты.
Виктория Бородай заманауи оқыту әдістерін меңгеріп, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Бүгінде ол тәжірибесімен бөлісіп, жас мамандарға тәлімгерлік етеді.