Kozybayev University-де Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық Одағының төрағасы Жүрсін Ерманның 75 жылдық мерейтойына арналған «Ұлытаудың ұлары ұлтым деген» республикалық студенттер айтысы өтті. Оған еліміздің түрлі өңірлерінен 12 студент қатысып, бақ сынады.
Бұл айтыс студент жастардың суырыпсалмалық өнерін шыңдауға бағытталды. Дода жоғары оқу орындары арасында ұйымдастырылып, жас ақындарға тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, ұлттық өнерді дәріптеп, дарынды студенттердің шығармашылығын қолдауды көздейді.
Снхр: МАНСҰР ӘЛІМХАНОВ, KOZYBAYEV UNIVERSITY БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ – РЕКТОРЫНЫҢ М. А.
Айтыстың шымылдығы қатысушыларды таныстыру рәсімімен түрілді. Жас ақындардың өнерін айтыс майталмандарынан құралған қазылар алқасы бағалады. Сондай-ақ, іс-шара барысында ақын, Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерманға «М.Қозыбаев» медалі табысталды, ал жырау, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматовқа университеттің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Бұл құрмет ұлттық өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін көрсетілді.
Қатысушылар қатарында қазақ сөз өнерінің алтын бесігі саналатын Абай өңірінен келген 19 жастағы Мирас Сламшайықұлы да бар. Жас айтыскер алғашқы жұпта көкшетаулық Аякөз Мұханқызымен сөз сайысына түсіп, тартысты айтыс өрбітті. Оның айтуынша, додаға тыңғылықты дайындалып, қарсыласын алдын ала зерттеген.
СНХР: МИРАС СЛАМШАЙЫҚҰЛЫ, АЙТЫСКЕР АҚЫН, АБАЙ ОБЛЫСЫ, СЕМЕЙ Қ.
Ал, Қызырлы Қызылжардың, Солтүстік Қазақстан облысының намысын Kozybayev University магистранты Диас Аяған қорғады. Жас айтыскер бұған дейін Алматы қаласында және өңірімізде өткен бірқатар жастар айтыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Ол бұл жолы да туған өлкенің абыройын асқақтатып, сөз додасында лайықты өнер көрсетуге ниетті екенін жеткізді.
СНХР: ДИАС АЯҒАН, АЙТЫСКЕР АҚЫН, СҚО
Сөз сайысы алғашқы минуттардан-ақ тартысты өрбіді. Екі айналымнан тұратын додада жас айтыскерлердің тапқырлығы мен суырыпсалмалығы көрерменнің де, қазылар алқасының да жоғары бағасына ие болды. Алғашқы айналым қорытындысы бойынша семейлік Мирас Сламшайықұлы 47 ұпайды еншілесе, көкшетаулық Аякөз Мұханқызы 49 ұпайға ие болып, жеңіске жетті.