Көктем мезгілі - велосипед ұрлығы жиілейтін кезең. Петропавлда 27 жастағы қала тұрғыны жертөледе тұрған «Ranger» маркалы велосипедінің ұрланғаны жөнінде полицияға жүгінген. Қылмыскер қала маңындағы ауылдардың бірінде ұсталды.
Қылмысты қысқа мерзімде ашуға бейнебақылау камераларының жазбалары көмектесті. Құрылға қылмыскердің аула аумағынан шығып кеткенін тіркеген. Келесі күні криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні қала маңындағы ауылдардың бірінде ұстады.
СНХР: АЛМА ИБРАЕВА — СҚО ПД КПБ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
Полицейлер көп жағдайда көпқабатты үйлердің кіреберістерінде қалдырылған велосипедтер мен балалар арбалары қылмыскерлердің олжасына айналып жататынын айтады. Домофонмен қорғалған кіреберістердің өзіне де ұрылар тұрғындармен бірге кіріп кетуі мүмкін дейді.
Жыл басынан бері Петропавлда велосипед ұрлығының 3 фактісі тіркеліп, олардың барлығы ашылды. Полицейлер құқық қорғау органдарына уақтылы жүгіну қылмысты «ізін суытпай» ашуға септігін тигізеді дейді.