Петропавлда облыстық ардагерлер кеңесінің IX есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Алқалы жиынға өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов, ҚР ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов және оның орынбасары Абай Тасболатов, қоғамдық және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Жиында сөз сөйлеген өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов ардагерлердің қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, олардың өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі әрқашан маңызды екенін жеткізді. Ол сондай-ақ ардагерлер ұйымдарының бастамаларын қолдау өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін айтты.

СНХ: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов 2024 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесіне «Инновациялық ұйым» мәртебесі берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – өңірдегі барлық ардагерлер ұйымдарының жүйелі жұмысы мен үлкен еңбегінің нәтижесі. Жоғары мәртебе облыстық кеңес жүзеге асырған жобалар мен бастамалардың тиімділігін көрсетіп, еліміздегі басқа ұйымдарға үлгі болып отыр.

СНХ: БАҚТЫҚОЖА ІЗМҰХАМБЕТОВ, ҚР АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫ ОРТАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

Конференция барысында облыстық ардагерлер кеңесінің соңғы 5 жылдағы атқарған жұмыстары кеңінен талқыланып, ұйымның жетістіктері мен алдағы кезеңге арналған міндеттері айқындалды. Айта кетейік, осы жылдары ұйымның қатары бірқатар жаңа адамдармен толықты. Олар ұйым жұмысына жаңа идея әкеліп, оның сапасын арттыруға ықпал еткен. Қазір өңірде 564 бастауыш, 271 цехтық ардагерлер ұйымы және 14 аумақтық кеңес жұмыс істейді. Жалпы, ардагерлер қатарында 4 мыңға жуық белсенді бар. Олар түрлі бағытта еңбек етіп, қоғам өміріне өз үлестерін қосып келеді.

СНХ: ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

Іс-шараға өңірдің түрлі аудандарынан келген ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты. Өзара тәжірибе алмасып, өзекті мәселелерді талқылап, ауданда атқарылып жатқан жұмыстары туралы есеп берді. Солардың бірі – Шалақын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрар Оразалин. Жалпы, Шалақан ауданында барлығы 3700-ге жуық зейнеткер. Олардың 64- і тыл ардагері.

СНХ: ТҰРАР ОРАЗАЛИН, ШАЛ АҚЫН АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

Конференция қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымының XI съезіне делегаттар сайланды. Қоғамдық-саяси жұмыстарда белсенділік танытып, ардагерлер қозғалысына елеулі үлес қосқан бірқатар ұйым өкілдері Орталық кеңестің марапаттарына ие болды. Сондай-ақ, Бақтықожа Ізмұхамбетов облыс әкімі Ғауез Торсанұлына ардагерлер ұйымдарын қолдағаны және қарттарға ерекше көңіл бөлгені үшін Орталық кеңестің алғыс хатын табыс етті.