Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Абай Жүсіпов Есіл өзенінің жайылмасындағы саяжай алқаптарын патрульдеу жұмыстарымен танысты. Ведомство басшысы арнайы аэрокатермен су айдынын аралап, су тасқыны кезеңіне күштер мен құралдардың дайындығын тексерді.

Өзен суы мен қар сулары деңгейінің маусымдық көтерілуі күтілуіне байланысты полиция және төтенше жағдайлар бөлімшелері жоғары дайындық режиміне көшірілді. Бүгін жеке құрамның таңғы сапқа тұруы кеңейтілген форматта өтті. Жағалау аймақтарын бақылау және азаматтардың мүлкін қорғау мақсатында қалалық және облыстық полицияның қосымша күштері жұмылдырылды. Қызметкерлерге нақты тапсырмаларды полиция департаменті бастығының орынбасары Марат Жұмалиев пен Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов жүктеді.

Тепличное, Речпорт, қалалық жағажай және Былғары зауыты аудандары -су басу қаупі жоғары аймақтар. Бұл жерлерде жұмыстар төтенше жағдайлар департаментімен тығыз өзара іс-қимылда жүргізілуде. Жағдайды нақты бақылау үшін дрондар мен құтқару жасағының заманауи аэрокатері қолданылуда. Ол жетуі қиын аумақтарда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Негізгі мақсат - тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және саяжай учаскелеріндегі мүліктің сақталуын қорғау. Су деңгейінің маусымдық көтерілуіне байланысты жағдай тұрақты бақылауда. Полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда.