Қоныс аударушыдан мемлекеттік қолдау ретінде берілген 5,2 миллион теңгені бюджетке қайтару талап етілді. Облыстық соттың хабарлауынша, Ақжар аудандық Мансап орталығы сотқа жауапкерден қаражатты өндіру туралы талап арызбен жүгінген.

Бағдарламмен өңірге қоныс аударған адамға шамамен 1,2 млн теңге көлемінде субсидия төленді. Сонымен қатар, оның экономикалық ұтқырлық сертификатын алуға өтініш беруіне байланысты тағы 4 миллион теңге берілген. Шарт талаптарына сәйкес, бағдарламаға қатысушы отбасымен қайта көшіп кеткен жағдайда, алынған субсидиялар сомасы 60 ай ішінде республикалық бюджетке қайтаруы тиіс. Алайда сотталушы ақшаны өз еркімен қайтаруға асықпаған. Істі сот талқылауына дайындау барысында тараптар татуласты. Бітімгершілік талаптары бойынша жауапкер 3 ай ішінде республикалық бюджетке шамамен 5,2 млн.теңге сомасындағы қаражатты тең үлестермен қайтаруы тиіс.