Соңғы уақытта алаяқтар жаңа айла-тәсілдерге көшті. Олар коммуналдық қызмет өкілдерінің атын жамылып, тұрғындарға есептегіш құралдарды ауыстыру немесе тексеру қажеттігін айтып хабарласады. Қырағылық танытпаған азаматтар қаржылық шығынға ұшырап жатыр.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде 756 интернет алаяқтық фактісі тіркелді. Келтірілген шығын көлемі – 942 млн теңге. Ал биылдың өзінде 40-тан астам интернет алаяқтық тіркелген.
МИЛЕНА БАЛАТЦКАЯ, СҚО ПД КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:
- Осы жылдың басынан бері 40-тан астам интернет алаяқтық фактісі тіркелді, оның 22-сі «Банктің жалған қызметкерінен қоңырау шалу» схемасына тиесілі.
Мамандардың айтуынша, интернет алаяқтары азаматтардың сеніміне кіру үшін үнемі жаңа қулықтарды ойлап табады. Бұрын олар өзін банк қызметкері ретінде таныстырып әрекет етсе, енді коммуналдық қызмет мамандарының атын жамылып алдауға көшкен. Киберқылмыстардың көбеюі алаңдатарлық жағдай. Алаяқтар есептегіш құралдарын тексеру немесе ауыстыру қажеттігін алға тартып, тұрғындарды электрондық кезекке қою керек деген сылтаумен 1414 нөмірінен келген SMS-кодты сұрайды. Осылайша, олар логикалық тізбек құрып, сенімге кіріп, жәбірленушілерді қаржылық шығынға ұшыратады.
МИЛЕНА БАЛАТЦКАЯ, КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:
- Алаяқтар алдымен қоңырау шалып, өздерін коммуналдық қызмет өкілдері ретінде таныстырады. Олар есептегіш құралдарын тексеру немесе ауыстыру қажет деген сылтаумен азаматтарға хабарласады. Электрондық кезекке қою үшін 1414 нөмірінен келген SMS-кодты айтуды сұрайды. Осылайша, олар жәбірленушімен байланысын жалғастырып, өзін Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстыруы мүмкін. Манипуляция жасау арқылы азаматтарды несие рәсімдеуге итермелеп, бірнеше алаяқтық схеманы біріктіре отырып, адамдарды қаржылық шығынға ұшыратып жатры.
Полиция департаменті тұрғындарды сақ болуға шақырады және күмәнді қоңырауларға сенбеуге кеңес береді. Егер сіз алаяқтардың арбауына түскен болсаңыз, дереу 102 нөміріне хабарласу қажет.