Петропавлда полиция қызметкерлеріне тұрмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алуға арналған тәжірибелік сабақ өтті. Іс-шарада тек қызметтегі ғана емес, отбасылық өмірдегі де келеңсіздіктерге қатысты тиімді шешім табу жолдары қарастырылды. Сабақ Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана базасында ұйымдастырылды.

Жиынға облыстық және қалалық полиция бөлімшелерінен 40-тан астам қызметкер қатысты. Сабақты «Демеу» мекемесінің және СҚО ПД-нің психологтары мен тәжірибелі педагогтар жүргізді. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанай да қатысты.

СНХР: Резеда Баймұхамбетова - клиникалық психолог


Полиция қызметкерлері мен психологтар бірге отырып тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептерін, нақты жағдайлардағы тәжірибелерін талқылады және оны алдын алу бойынша ұсыныстарын әзірледі. Қатысушыларды «Әйелдер», «Отбасы», «Әкімдік», «Білім» және «Полиция» секілді топтарға бөліп, әр команда өз ұсыныстарын ортаға салды.

Ең әсерлі сәттердің бірі - «әлеуметтік рөлдерді алмастыру» жаттығуы болды. Мұнда ерлер мен әйелдер рөлдерімен алмасып отбасыдағы күрделі жағдайларда бір-бірін тыңдап, түсіну жолдарын қарастырды. Бұл тәсіл мәселені жан-жақты қарастыруға және өзара түсіністікті арттыруға мүмкіндік берді. Соңында Назипа Шанай тыңдаушылардың белсенділігін ерекше атап өтіп, мұндай форматтағы сабақтардың маңыздылығына тоқталды. Мұндай іс-шаралар полиция қызметкерлерінің психологиялық сауаттылығын арттырумен қатар, халықпен жұмыс істеу дағдыларын жақсартады. Бұл өте маңызды, өйткені полиция қызметкерлері күн сайын түрлі отбасылық келіспеушілік жағдайларына куә болып, өздері де отбасы мүшесі ретінде өмір сүреді.