Жексенбі күні орталық алаңда облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың қатысуымен қала күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мереке аясында бірқатар азаматтарға құрметті атақтар табысталды. Сонымен қатар, эстраданың танымал өнерпаздары ән шырқап, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары көп жиналды. Алаңға орнатылған сахнада шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Қала күні – тұрғындардың бірлігін, елге деген сүйіспеншілігін айшықтайтын ерекше мейрам. Биылғы мереке де бұл дәстүрден жаңылған жоқ.

СНХ: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СҚО ӘКІМІ


Биыл Петропавл қаласының негізі қаланғанына 273 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай ұйымдастырылған салтанатты жиында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бірқатар азаматқа "Облыстың Құрметті азаматы" атағын табыстап, еңбектері үшін алғыс білдірді. Солардың бірі — прфессор, академик, филология ғылымдарының кандидаты, еңбек ардагері Зарқын Тайшыбай. Сонымен қатар, халықты әлеуметтік қорғау басқармасының құрылуына ат салысқан Амангелді Кенжеғұзинов "Қаланың Құрметті азаматы" атағына ие болды.

СНХ: АМАНГЕЛДІ КЕНЖЕҒҰЗИНОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ


Мерекеге орай эстрада жұлдызы, «Бүркіт» есімімен танылған Айбек Сейітов арнайы келіп, өнер көрсетті. Танымал әнші ырғақты әндерімен көрерменнің көңілін көтеріп, халықты ортаға билеуге шақырды.

Кеш барысында Бүркіт қызылжарлықтарды мерекемен құттықтап, өзінің ақжарма тілегін білдірді.

СНХ: БҮРКІТ, ӘНШІ


Мерекелік көңіл-күйді қала тұрғындары да ерекше сезінді. Көңілдері көтеріңкі, жүздері жарқын жұрт туған қаласына деген жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Кеш соңында сахна төріне заманауи музыка жанрының өкілі, жастардың сүйікті әншісі Say Mo шығып, ерекше шоумен көрерменді тәнті етті. Ол орындаған хит әндерге мыңдаған адам қосылып, мерекені есте қаларлық қойылыммен қорытындылады. Мерекелік іс-шара соңы отшашуға ұласты.