Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Киберқылмыспен күрес департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына келді.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында республикалық киберполиция басшысы жедел басқару орталығында болып, техникалық жабдықталуын, аймақтық киберполиция автокөліктерін бағалап, жедел уәкілдердің жұмыс кабинеттерін тексерді.Сапардың негізгі бөлігі – азаматтарды жеке қабылдау болды. Жандос Сүйінбайға Петропавл қаласының интернет-алаяқтардың құрбаны болған үш тұрғыны өз оқиғаларымен бөлісті. Полковник олардың өтініштерін мұқият тыңдап, толыққанды түсініктемелер беріп, киберқылмыскерлерді анықтау және жауапкершілікке тарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді. Зардап шеккен азаматтарға моральдық қолдау көрсетілді.Сонымен қатар, Жандос Сүйінбай өңірдегі ірі бөлімшелердің бірі болып саналатын қаладағы киберқылмыстарға қарсы күрес бөлімінде болды. Бұл жерде мамандар цифрлық қылмыспен күрестің алдыңғы шебінде қызмет етуде. Кездесу қорытындысында департамент басшысы интернет-қылмыстардың алдын алуда заманауи форматтарды кеңінен қолданудың, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтудің және мұндай құқықбұзушылықтар үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.