АИТВ және ЖИТС бүгінгі күні әлемде, оның ішінде біздің елімізде үлкен әлеуметтік мәселе болып табылады. Бұл инфекциялар адамның иммундық жүйесін әлсіретіп,түрлі ауруларға қарсы тұру қабілетін төмендетеді. Бүгін қалалық жастар ресурстық орталығы мен психологиялық қолдау орталығы осы тақырыпты тереңірек қозғап, іс-шара өткізді.

Жастар ресурстық орталығының белсенділері жыл енді басталғанымен көп ұйымдарды ақпараттандырып үлгерген. Әсресе жастарға нашақорлық пен түрлі инфекциялардың қаупін түсіндіруде. Ал бүгін облыстық кітапханада өткен жиынға еріктілер мен өңіріміздің әр ауданынан келген кітапханашылар қатысты.

ДАМИР АБДИН, ПЕТРОПАВЛ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Сонымен қатар, біз түсіндіру қағаздарын ұмыт қалдырған жоқпыз. Онда біз көтерген мәселелердің өзектілігі мен қаупі толығырақ айтылған. Мұндай мәселемен бетпе-бет келсе кіммен байланысып, кімге қоңырау шалу керек екені де жазулы тұр. Жыл басталғалы бері біз №4 мектепке, тігін фабрикасына және басқа да ұйымдарға бардық.

Жиынға полицейлер,дәрігерлер мен психологтар да қатысты. Қоса кетейік, психологиялық қолдау орталығы былтырғы тамыз айынан бері жұмыс істейді. Әзірге онда 8 психолог пен кеңес беретін 6 маман жұмыс істейді.

АЙНҰР НЫСАНБАЕВА, ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Орталық 18 жасқа дейінгі балаларға арналған. Балалар, ата-аналар және олардың заңды өкілдері біздің орталыққа телефон арқылы хабарласа алады. Орталықта мұғалімдер, психологтар бар. Олар ауызша кеңес беріп, психологиялық көмек көрсетеді.

Жалпы, қоғам дертін қозғаған бүгінгі жиын 50-ге жуық жанның басын қосты.