Сенбі күні облыстық кітапханада Айтбай Сәулебектің «Толғауы терең Тоқсан би» атты танымдық-зерттеу кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, қала жұртшылығы, Алматы, Астана, Қостанай, Көкшетаудан және Ресейдің Омбы, Түмен қалаларынан қонақтар қатысты.
Айтбай Сәулебек - ҚР құрметті журналисі, президент сыйлығы және Журналистер одағы сыйлықтарының лауреаты, "Құрмет"орденінің иегері. Жазушы үлкен зерттеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін петропавлдықтарға ұлы Тоқсан бидің өмірі туралы баяндайтын кітап ұсынды.
АЙТБАЙ СӘУЛЕБЕК, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:
- 2013 жылы осы Петропавлда кішкентай бір кітап шыққан. Онда Тоқсан бидің айтқан сөздері мен мақалалары жазылған. Бірақ басқа зерттеулері жоқ. Жасыратыны жоқ, маған солтүстік өңірінен, жоғары жақтан тапсырыс берілді. Бұл менің 5-ші кітабым. 3 жылдың ішінде мен СҚО туралы 5 кітап жаздым. Ол М.Жұмабабев, Шал ақын,Тайынша ауданы және облыстық полиция туралы.
Токсан Би 1737 жылы Жамбыл ауданында дүниеге келген. Орта жүздің керей руынан шыққан. Ол қазақтың әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлерін жетік білумен, шешендік қабілеті және әділ шешімдерімен үлкен беделге ие болды. Іс-шараға біртуар тұлғаның 5-ші ұрпағы Бақыт Қайнет те шақырылған.
БАҚЫТ ҚАЙНЕТ, ТОҚСАН БИДІҢ 5-ШІ ҰРПАҒЫ:
- Тоқсан би атамыз Ғабит Мүсірепов ауданы қазіргі Тоқсан би ауылында жерленген. Өзінің өсиеті бойынша сол жерге жерленген екен. Түбінде осы жерден тас жол өтеді, өткен-кеткен жандар дұға қылып жүреді деген екен.
Жалпы, кітаптың таралымы - 1 мың дана. Туынды сатылмайды, өйткені ол облыстың барлық кітапханаларына, мектептеріне және басқа да білім беру мекемелеріне жіберіледі.