Ұлыбританиялық Аманжол Келлетт Қазақстанға велосипедпен келді. Ол шілде айында Лондоннан шығып, шамамен 10 мың шақырым жерді артқа тастап, Алматыға жетті. Бұл жолды бес айта жүріп өткен. 

Аманжол Келлетт 25 жаста. Әкесі ағылшын, анасы – қазақ. Қазақстанға келуінің себебі нағашыларымен қауышып, елдің салт-дәстүрі, мәдениетімен танысу болған. Соңғы рет Қазақстанда 9-жасымда болдым дейді азамат.

АМАНЖОЛ НИКОЛАС МҰХАМЕДЖАНОВ МАКИНТАЙР КЕЛЛЕТТ, САЯХАТШЫ:

- Мен Ұлыбританияда бір қаладан екіншісіне велосипедпен жүре беремін. Кішкентай кезімнен саяханттағанды жақсы көремін. Әкеммен бірге жиі велосипед тебетінбіз. Ал Қазақстанға келуді көптен бері жоспарлап жүргенмін. Осы саяхатқа 1 жыл бойы дайындалдым. Міне ақыры мыңдаған шақырымды өтіп, анамның туған жеріне келдім.

Қазақстандағы ауа райы велосипедпен келуге қолайлы болмаса да, Аманжол діттеген жеріне жетті. Бәрінен де қазақтардың қонақжайлылығы қатты ұнаған.

АМАНЖОЛ НИКОЛАС МҰХАМЕДЖАНОВ МАКИНТАЙР КЕЛЛЕТТ, САЯХАТШЫ:

- Мен саяхатқа шықпас бұрын біраз ақша жинадым.Оның барлығы жол шығынына кетті. Өзіме керекті құрал жабдықтарды да алдым. Қазақстанда жел қатты, ауа райы біраз қиындық туғызды. Шатыр тігуге мүмкіндік болмады. Саяхат болған соң көптеген қызықтар болды. Бастысы аман-есен жетім. Ерекшелігі - қазақтар өте қонақжай екен. Жолда кездескен адамдардың барлығы көмектесуге дайын тұрды.

Аманжол Келлеттің саяхаты 146 күнге созылған. Енді Лондонға қайтар жолды велосипедпен емес, пойыз, автобус, паромдармен жүріп өтуді жоспарлап отыр.Ал қаңтар айының соңына дейін анасының туған жері Петропавл қаласында болып, жақындарымен уақыт өткізбек.