Германиядан СҚО-ға - Қызылжар ауданына 165 бас асыл тұқымды ірі қара жеткізілді
Солтүстік Қазақстан облысына «Агробизнес – мал шаруашылығы» бағдарламасының «Береке» бағыты аясында сатып алынған асыл тұқымды малдың алғашқы партиясы жеткізілді. Өңірге Германиядан 165 голштин асыл тұқымды ірі қарасы жеткізілді. Асыл тұқымды мал алуға 1,4 млрд теңге көлемінде несие бөлінген.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында биыл Үкімет қаулысымен мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Оны "Береке" және "Игілік" бағдарламалары бойынша іске асыруға біздің өңірге 15 млрд теңге бөлінді. Қазіргі күні облыста 22 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жоспар бойынша теріскейге 8,1 мың ірі қара мен 1,5 мың қой әкелу көзделген. Асыл тұқымды мал Австралия, Германия, Дания, Венгрия және Литвадан жеткізіледі.
ТАЛҒАТ НАУРЫЗБАЕВ, СҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгін кешенді жоспардың алғашқы нәтижесі де өз жемісін берді. Теріскейге асыл тұқымды малдың бірінші партиясы келді. Гольштейн-фриз ірі қарасы 2 тәулік ішінде сонау Германиядан Қызылжар ауданындағы "СК Агро 2050" серіктестігіне жеткізілді.
Агроқұрылым "Береке" бағдарламасы бойынша "Солтүстік" ӘКК арқылы 1,4 млрд теңге алған. Бұл қаражатқа кәсіпорын сүт-тауарлы фермаға 660 бас асыл тұқымды мал сатып алмақ. Ірі қара кезең-кезеңімен жеткізілетін болады.
ВЛАДИМИР СЕРГЕЕВ, “СК АГРО 2050” ЖШС ТАУАРЛЫ-СҮТ ФЕРМАСЫНЫҢ БАСҚАРУШЫСЫ, М.ЖҰМАБАЕВ АУДАНЫ
Ірі қараның голштин-фриз тұқымы суыққа төзімділігімен әрі жоғары сүттілігімен ерекшеленеді. Әр сиыр тәулігіне орта есеппен 40 литрге дейін сүт береді. Өнімділікті арттыру мақсатында "СК Агро 2050" серіктестігі асыл тұқымды мал санын көбейтуде. Алдағы уақытта кәсіпорын сүт-тауарлы ферманы толық қуатқа шығарып, жылына 39 мың тонна сүт өндіруді жоспарлап отыр.