Жаңа жыл қарсаңында Береке ықшам ауданында 140 орынға шақталған жаңа балабақша ашылды. Мектепке дейінгі мекеме балаларды 2 жастан бастап қабылдайды. Кең, жарық әрі жайлы нысан толықтай заманауи жабдықтармен қамтылған. Қазіргі таңда балабақшаларда 2-6 жастағы бүлдіршіндердің қамтылуы – 96 пайыз. Енді, тағы да жаңа нысандар салу арқылы бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу міндеті тұр.

Жаңа балабақшаның ашылу салтанатына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, жиналғандарды маңызды оқиғамен құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

-Дәл осы жерден бастап біздің кішкентай балапандарымыз өздерінің алғашқы қадамдарын жасайтын болады. Балаларға денсаулық тілеймін.Осы жаңа балабақшада жақсы білім алып, үлкен азамат болып өсе берсін. Баршаларыңызды осындай қуанышты күнмен құттықтаймын!

Бүгінде балабақшада 60-қа жуық бала бар. Ата-аналардан әлі де өтініш қабылдану үстінде. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде барлығы 7 топ ашылмақ. Қазіргі таңда 25 маман жұмыс істейді. Алдағы уақытта тәрбиешілер саны әлі де толығады.

ҒАЛИЯ СӘРСЕКЕЕВА, «БЕРЕКЕ» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ ӘДІСКЕРІ:

- Көптеген балабақшалардан айырмашалығы бізде киім кептіретін арнайы шкаф бар. Ол тәрбиешінің жұмысын жеңілдетеді. Балалар даладан ойнап келген кезде сол жерде киімдерін кептіре алады. Жалпы, Береке ауданында бұған дейін қазақ тілді балабақша болған емес. Енді, біз 2 тілде жұмыс жасаймыз.

«Береке» балабақшасы бюджет қаржысына салынған. Айта кеткен жөн, облыста соңғы 8 жыл ішінде мемлекет есебінен мектепке дейінгі мекемелер тұрғызылған емес. Нысанның ашылу салтанатына қатысқан тұрғындар қуанышты екендерін жеткізді. Ата – аналар енді балаларын жақын жердегі бақшаға беріп, алаңсыз жүретіндеріне дән риза.

КАРИНЭ ШАРИШЕВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Бүгін Береке шағын ауданының тұрғындары үшін үлкен сыйлық. Жаңа жыл қарсаңында Мемлекет басшысы атынан осындай тамаша сыйлық алып отырмыз. Балабақша – бұ көптен күткен нысан. Менің 1 жарым жастағы балам бар. Енді осы бақшаға баратын боламыз. Мен өзім өте ризамын. Көптен көп рахмет.

Енді ақпан айында «Жас Өркен» шағын ауданында 280 орындық балабақшаның құрылысы басталады. Ол да Үкіметтің арнайы мемлекеттік қоры есебінен тұрғызылмақ.