«AMANAT» партиясы облыстық филиалының өкілдері №15 жолаушылар пойызының вагонында көшпелі қабылдау өткізді. Бұл азаматтарға профилактикалық консультациялық көмек көрсетуге бағытталған жаңа бастама. Бірінші қабылдау бейсенбі күні №15 пойыздың вагонында өтті.

Жобаның негізгі мақсаты - көші-қон саясатын түсіндіру, жолда жүрген кезде жолаушылардың қырағылығын арттырып, сондай-ақ мүлікті сақтау шаралары туралы ақпараттандыру. Акцияға көші-қон қызметінің, көлік прокуратурасының, желілік полицияның өкілдері, сондай-ақ пойыздың басшысы қатысты. Мамандар жолаушылардың сұрақтарына жауап беріп, қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіріп, жолдағы қауіпсіздік бойынша пайдалы кеңестерімен бөлісті. «Көшпелі қабылдау бұл азаматтар үшін маңызды мәселелерді кейінге қалдырмай, жолда жүріп-ақ тұщымды жауаптар алуға мүмкіндік береді. Бұл акция жолаушылардың құқықтық сауаттылығы мен қауіпсіздік деңгейін арттыруға көмектеседі деп сенеміз», - деді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гүлфира Рамазанова.