4-5 желтоқсан аралығында Қызылжар, Мамлют, Аққайың және Тайынша аудандарында ветеринар мамандарға арналған практикалық тренинг өтеді. Іс-шараға Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының сарапшылары қатысты. Жергілікті ветеринарлар мал ауруларының алдын алуды, ауру анықталған фермаларда жұмыс істеу кезінде қауіпсіздікті сақтау және микробтарға қарсы препараттарға төзімділік тұрғысында білімдерін толықтырды.

Іс-шараны өткізудегі мақсат - микроорганизмдердің микробтарға қарсы препараттарға төзімділігіне, әсіресе ветеринария саласындағы осы жаһандық мәселеге назар аудару, мән беру. Жануарларды емдеуде антибиотиктерді шектен тыс қолдану жағдайды қиындатуы мүмкін. Мұндай тәжірибе микроорганизмдердің антибиотикке төзімділігін арттырып, көбеюіне әкеп соқтырады, салдарынан жануарлардың ғана емес, адам денсаулығына қатер төндіреді.

ЛЕЙЛА АҢСАБАЕВА, БҰҰ АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҰЙЫМЫНЫҢ ЖОБАЛЫҚ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: 

- Антибиотиктерге төзімділік-жаһандық проблема. Бұл адамдарға қауіп төндіреді. Біз Солтүстік Қазақстан облысын таңдадық, себебі ол ауыл шаруашылығы саласында озық. Мұнда көптеген малдар шетелден әкелінеді, сондықтан біз мамандарға осы мәселелерді түсіндіруге тырысамыз.

Мұндай семинарлар бүкіл республика бойынша өтеді. Ветеринарлардың микробқа қарсы препараттарға төзімділік мәселесіне қатысты білім-біліктілігін арттырып, ақпараттандыру міндеті тұр. Адам бойындағы инфекциялық аурулардың 60 пайызы жануарлар арқылы беріледі, ал ветеринарияда микробқа қарсы дәрі-дәрмекті дұрыс пайдаланбау індеттің күшеюіне әкеп соқтыруы мүмкін.

СҰҢҒАТ ҚАСЕНОВ, "РЕДИН ВГ" ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ВЕТЕРИНАРЛЫҚ БАС ДӘРІГЕРІ:

- Біз жұмыста антибиотиктерді жиі қолданамыз. Тіпті қарапайым ауруларды емдегенде де. Мен оларды неғұрлым жиі қолдансақ, жануардың ағзасы оған үйреніп, керек әсерін бермей қалатынын байқадым.

Сарапшылар тренингке қатысушыларды жануарлар арасында індеттің таралмауы үшін, олардың өнім беру қабілетін арттыру мақсатында фермадағы қауіпсіздікті қатаң сақтауға үйретті. Мамандардың аікірінше, қарапайым ережелерді ұстанғанда ғана, фермерлер мал шығынына жол бермейді, ең бастысы адамдарды жұқпалы аурулардан қорғайды.