Бүгін Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында малдың денсаулығы және олардың емделуінде озық технологияларды дұрыс қолдану мәселесі бойынша кезекті семинар өтті. Іс-шараға аудан мамандары, сондай-ақ Ақмола облысындағы «Родина» агрофирмасының және Қазақстандағы сүтті мал шаруашылығы палатасының мамандары қатысты.

Аталмыш іс-шараға 40-тан астам маман қатысты. Семинар барысында малдың денсаулығын сақтау және емдеу әдістеріндегі жаңашылдықтар мен қазіргі заманғы технологияларды тиімді пайдалану жолдары талқыланды. Қатысушылар мал ауруларының алдын алу, инновациялық емдеу тәсілдері мен диагностикалық әдістер туралы ақпараттар алып, тәжірибе алмасып, ветеринарлық технологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттыру жолдары ұсынылды.

АЛТЫНБЕК АБДУЛЛАЕВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

- Бүгін біз осы семинарға ауданымыздан сүтті бағыттағы мал шаруашылығында қызмет етіп жатқан мамандарды шақырып отырмыз.Олардың арасында ветеринарлар, зоотехниктер және осы саланы басқарып отырған басқарушылар бар. Сондай-ақ, малды ұрықтандыру және олардың ауруларын анықтап, бағалай білетін мамандарды да шақырдық. Бұл мамандар күнделікті жұмысында жасанды ұрықтандыру әдістерін қолданады. Сонымен қатар, еліміздегі танымал агрофирмалардың өкілдерін шақырып, қандай аппараттар мен препараттар арқылы мал ауруларын анықтау, сондай-ақ ең тиімді әдістерді қолдану туралы ақпарат алуды мақсат еттік.

Сонымен қатар, жаңа шығарылған озық технологиялардың бірі — ультрадыбыстық құрылғы. Осы құрылғының көмегімен ұрықтандырылған малдың жынысын анықтауға болады. Бұдан бөлек, ультрадыбыстық зерттеу құрылғысы арқылы малдың денсаулығын алдын ала бағалап, ауруларды ерте сатысында анықтауға болады. Бұл технология мал дәрігерлеріне алдын ала емдеу шараларын дер кезінде жүзеге асыруға, малдың жағдайын жақсартуға және үлкен шығындардың алдын алуға мүмкіндік береді.

ОЛЬГА КУЗЬМЕНКО, «КАЗВЕТСНАБ» ДИРЕКТОРЫ, МАЛ ДӘРІГЕРІ:

- УЗИ аппараты арқылы біз тек малдың буаздығын ғана емес, сонымен қатар оның неге қысыр екендігін де анықтай аламыз. Гормоналды бұзылыстар тек адамдарда ғана емес, сондай ақ малдарда да кездеседі және малды емдеп, оны буаз ету үшін, нақты қандай гормоналды бұзылыс болғанын анықтау қажет. Біз малдың қаны құрамындағы гормондарды тексеруге жиі жібере бермейміз. Ал УЗИ құрылғысы дұрыс диагноз қоюға, қажетті емдеуді жүргізуге және оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Аталмыш ультра дыбыстық зерттеу аппаратының құны 2,5 миллионнан 16 миллион теңгеге дейінгі аралықта. Баға құрылғының маркасы мен техникалық сипаттамаларына байланысты өзгеріп отырады.