Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында «Зенченко және К» КС-нің бас директоры Геннадий Зенченкоға «Қазақстанның еңбек ері» атағын беріп, «Отан» орденін табыс етті. Осы орайда, солтүстікқазақстандықтар облыстық әкімдікте Геннадий Геннадьевичті құттықтап, құрмет көрсетті.
Геннадий Зенченконың Отандық өнеркәсіп кешенін дамытуға және ауылшаруашылық саласының әлеуетін арттыруға қсоқан үлесі зор. Облыс әкімі өз сөзінде, бұл азаматтың еңбегін әрдайым жоғары бағалау керектігін атып өтті.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
- Барлық солтүстікқазақстандықтардың атынан сізді жоғары наградаңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздің еңбек жолыңыз - баршаға үлгі. Осы жоғары марапатқа әбден лайықсыз. Өңіріміздің ғана емес еліміздің дамуына зор үлесіңізді қосып келесіз.
Геннадий Зенченко - табысты кәсіпкер ғана емес, сонымен қатар ауылдың дамуына айтарлықтай үлес қосқан меценат. Бүгінде бұл азамат басқарған кәсіпорын халық игілігі үшін қызмет етіп жатыр. Қазіргі таңда «Новоникольское» елді мекені ауылшаруашылық өндірісі өркендеген, үлгілі ауылдардың біріне айналды. Салтанатты жиын барысында атақты аграрийді достары мен әріптестері де құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
ЕЛЕНА АБРАМОВСКАЯ, "ЗЕНЧЕНКО ЖӘНЕ К" КС БАС БУХГАЛТЕРІ:
- Біз Президент Қасым- Жомарт Кемелұлының басшымыз Геннадий Зенченконың жемісті еңбегін жоғары бағалағаны үшін қуаныштымыз. Бұл награда қажырлы қайраттың, мықты тәжірибенің және нағыз кәсібиліктің көрінісі деп білеміз. Геннадий Геннадевич үшін шын жүректен қуаныштымыз.
Отбасылық кәсіптің тізгінін ұстап, дөңгелетіп отырған Геннадий Зенченко еліміздің экономикасын дамытып, ауыл шаруашылығы саласына жаңашылдықтар әкелді. Серіктестікте заманауи агротехнологиялардың қолданылуының арқасында жыл сайын жақсы өнім алынады. Азамат өз кезегінде бұндай жетістіктерге ұжымының және жерлестерінің көмегінсіз жете алмайтынын айтып, жылы тілектері мен құттықтауларына алғыс білдірді.
ГЕННАДИЙ ЗЕНЧЕНКО - «ЗЕНЧЕНКО ЖӘНЕ К» КС БАС ДИРЕКТОРЫ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ:
- Әрине, бірінші кезекте Мемлекет басшысына менің еңбегімді бағалағаны үшін ризашылығымды білдіремін. Бұл марапатқа ие болу үшін ұзақ әрі қиын жолды жүріп өту керек. Бірінші кезекте өңір халқынан бастап, ұжымыма, ауыл шаруашылығы министрі мен премьер министрге рахмет айтамын!
Айта кетейік, Президент ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында отандық өнім сапасының артуын жоғары жетістік деп бағалап, осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жоғары деңгейде жүргізуді тапсырды.