Облысқа үш күндік сапармен ҚР Парламенті Сенатының депутаттары келді. Сенаторлар осы аралықта өңірдегі өндіріс орындарын аралап, облыс үшін маңызды нысандардың жұмысын көрмек.
Ең алдымен халық қалаулылары өндіріс ошақтарын аралады. Олар барған ең алғашқы нысан - “Зеленый Север” серіктестігі.
Жылыжай өткен жылы іске қосылған. Кәсіпорын директоры Екатерина Асаёнок келген меймандарды ғимараттың тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Нысан ішін аралаған депутаттар жобаға оң бағасын берді. Жылыжай тұрғындарды жыл он екі ай дәруменге толы әрі балғын қиярмен қамтамасыз етіп келеді. Бірегей жоба мемлекет қолдауымен жүзеге асырылған. «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы құрылысына 5,8 млрд теңге бағыттаған. Қайтарымды негіздегі қаржыға “Зеленый Север” серіктестігі 1,4 млрд теңге қосқан.
ЕКАТЕРИНА АСАЁНОК, "ЗЕЛЕНЫЙ СЕВЕР" ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
- Жылыжайдағы барлық құрал-жабдық - голландиялық. Өнім тұқымы да аталған елден әкелінеді. Серіктестікте 70-ке жуық адам жұмыс істейді. Бір айдың ішінде 300 тоннадай қияр жинаймыз. Өңірдегі қиярға деген сұраныстың 40 пайызын жауып отырмыз. Жылдық қуаттылық 3 мың тоннаны құрайды. Кәсіпорын автоматты климаттық бақылау, тамшылатып суару және көлеңкелеу жүйесімен жабдықталған.
Бұдан кейін Сенат депутаттары "Радуга" серіктестігіне барды.
Меймандарға кәсіпорынның бас директорының орынбасары Дәурен Қатранов тың жобаларын таныстырды. Мұнда қоқыстың өзін тиімді пайдаланатындығы туралы айтылды. Яғни, түрлі қалдықтан шара, шелек, пакеттер мен ілгіштер жасалады екен.
ДӘУРЕН ҚАТРАНОВ, "РАДУГА" ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
-Кәсіпорында сабын да шығарылады. Ал пластмасса бұйымдарын жасап жүргенімізге 11 жыл болды. Яғни, 2013 жылдан бері шикізат қалдықтарын өңдеумен айналысамыз. Жылына 4 мың тонна пластмасса өңдейміз. Жасалған өнімді еліміздің өзге өңірлеріне жөнелтеміз.
Сенаторлар барған келесі нысан - “Радуга” серіктестігінің қағаз өндіру цехі. Өндіріс ошағында 500-ден астам адам еңбек етеді.