Облыстағы республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға 1,4 миллиард теңге бөлінді. Өңірдегі автомобиль жолдарын қысқы кезеңге дайындау мәселесі «AMANAT» партиясының облыстық филиалы бақылау комиссиясы отырысында баяндалды.
Жалпы облыста республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы шамамен 2 мың шақырым. «ҚазАвтоЖол» облыстық филиалының директоры Талғат Смағұловтың айтуынша, қазіргі уақытта филиалда 128 арнайы қар тазалау техникасы бар, оның 120-сы жұмыс істеп тұр. Биыл тағы 19 техниканы жалға алу көзделген.
Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерден Шортыбаев облыстық маңызы бар жолдарды ашып, тазартуға барлығы 108 техника дайын тұрғанын мәлімдеді. Ал аудандық 4,5 мың шақырым жол үшін 111 техника сақадай сай. Сондай-ақ 375 ауыл шаруашылығы құрылымымен меморандум жасалған. Олардың есебінен аудандық маңызы бар 1 мың шақырымға жуық жол және кентішілік жолдар тазартылады.