«Qyzyljar» креатив орталығында «DIGITAL DAY-2024» форумы өтті. Іс-шараға қатысқан жетекші сарапшылар, бизнес және мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ дарынды IT мамандары цифрландыру мен ақпараттық қауіпсіздіктің маңызды мәселелерін талқылады.

Цифрландыру және ақпараттық технологиялар күні қарсаңында өңірдегі ІТ саласының жетекші мамандарының басын қосқан ашық IT форум өтті. Жиналғандар алдында аймақ басшысының атынан орынбасары Рүстем Құрманов сөз сөйледі.

РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-Бүгінгі таңда цифрландыру өмірдің барлық саласын қамтиды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында: «Цифрландыру – экономика мен мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың басты факторы» деп атап көрсетті. Әрине, цифрлық технологияларды жұмыс барысына енгізу үшін барлық мемлекеттік органдар мен жеке кәсіпорындар бірлесіп жұмыс істеуі керек. Өскелең ұрпақтың өзін танытуына, болашаққа үлес қосуына жағдай жасау қажет. 

Іс-шараның маңызды бөлігі «ақылды» технологиялармен танысып, ақпараттық қауіпсіздікті талқылау болды.

НҰРГҮЛ БОЛАТОВА, «ASTANA HUB» СҚО БОЙЫНША АЙМАҚТЫҚ МЕНЕДЖЕРІ:

- Бұл форум облысымызда дамып жатқан инновациялар мен технологияларға арналған. Бүгін біз сіздерге өңір тұрғындарының өмірін жақсартуға үлес қосқан жобалармен таныстырдық. Нәтижесін көріп жатырмыз. Сондай-ақ, IT саласында жұмысын енді бастаған NVP өнімі бар стартаптар да ұсынылады.

Қазан айында елімізде ауқымды іс-шара – Decentrathon өткен болатын. Облысымыздан 113 жоба әзірлеуші қатысқан. Солардың бірі Иван Пухов. Ол IT саласында 7 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Хакатонда ол өзінің жобасы – аймақ картасын халыққа ұсынды.

ИВАН ПУХОВ,  ХАКАТОН ЖЕҢІМПАЗЫ:

- Біз ақылды қалаға арналған қосымша әзірледік. Барлық қалалық іс-шаралар, мекемелер және ақпараттық қызметтер жинақталған. Жедел қызметке хабарласуға болады. Бұл қаламызға келген немесе қаламыз туралы білгісі келетін пайдаланушыға қажет нәрсенің барлығын қамтитын қосымша.

Сондай-ақ форум соңында хакатонның үш жеңімпазы марапатталды.