Петропавлда «Отбасылық зорлық-зомбылық: түсінігі, түрлері, себептері» тақырыбында маңызды іс-шара өтті. Жиынға қоғам белсенділері, психологтар, құқық қорғау органдарының өкілдері, әлеуметтік қызметкерлер және кітапхана қонақтары қатысты. Кездесуге келгендермен қоғамдағы өзекті мәселе - отбасылық зорлық-зомбылықтың себептері, түрлері және алдын алу жолдары талқыланды.
Іс-шарада отбасылық зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептері, оның құрбандары және оларға көрсетілетін көмек жолдары кеңінен талқыланды. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлардан тек әйелдер ғана емес, сонымен қатар балалар мен ер адамдар да зардап шегеді.
ЕЛЕНА СКАКУНОВА, ІС-ШАРАНЫ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:
- Ер адамдар мен жасөспірімдер де жәбірленуші болуы мүмкін. Көпшілік отбасылық зорлық-зомбылық тек әйелдерге қатысты деп есептегенімен, ер адамдар мен жасөспірім ұл балалар да осындай жағдайларға тап болып жатады. Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы Заңға өзгерістер енгізілгендіктен, қазір бұл тақырып кеңірек көтеріліп, қамтылып жатыр.
Мамандар зорлық-зомбылық құрбандарына құқықтық кеңес берудің, психологиялық қолдау көрсетудің қажеттілігін атап өтті. Себебі соңғы жылда облыс аумағында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында жасалған 62 қылмыс тіркелді.
ӘСИЯ ӘБЖАНОВА, СҚО ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
- Биылғы 15 сәуірде ел Президенті ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойды. Бұл заңнамалық акт әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтеді. Соңғы 10 айда СҚО аумағында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 62 қылмыс жасалған. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстардың алдын алу мақсатында 10 айдың қорытындысы бойынша отбасылық жанжал шығарушыларға қатысты берілген нұсқамалар саны 1,2 пайызға артты.
Жиын барысында жәбірленушілерге психологиялық және құқықтық көмек көрсету орталықтары мен сенім телефондары туралы ақпарат ұсынылды. «111» және «102» нөмірлері тәулік бойы жұмыс істеп, көмек көрсетуге әзір. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда, тұрғылықты жеріңіз бойынша учаскелік полиция пунктіне де хабарласуға болады.