Өңірдің орман шаруашылығы қызметкерлері құрметке бөленіп, марапатқа ие болды. Сондай-ақ, бұл күні аудандық орман шаруашылығы директорларына 9 жаңа автокөліктің кілті табыс етілді. Айта кетейік, Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес 2026 жылға дейін яғни бес жылда өңірде 122 миллион түп ағаш отырғызу жоспарланған. Бүгінде 50 млн түп көшет егілді.

Салтанатты іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысып, өңір басшысының атынан орманшыларды кәсіби мерекесімен құттықтады.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

- Орманшы – қоғамдағы маңызды мамандықтардың бірі. Олардың еңбектері әрдайым құрметке лайық. Осы орайда, облыс әкімдігі орман шаруашылығына тиісті көңіл бөліп келеді. Соңғы 3 жылдың ішінде жабдықтар алуға 900 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. 7 мекемеде өртті ерте анықтау жүйесі енгізіліп, көліктер, дрондар және басқа да қажетті арнайы техникалар сатып алынды.

Аққайың ауданының тумасы Қайырлы Балғожин - «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» инспекторы. Азамат кәсіби мерекесіне орай облыс әкімінің атынан алғыс хатқа ие болды. Орман шаруашылығы қызметкері бұл салада 4 жылдан бері тер төгіп келеді.

ҚАЙЫРЛЫ БАЛҒОЖИН , «КӨКШЕТАУ» МҰТП» РММ СМИРНОВ ҚОРЫҒЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ:

- Біздің міндетіміз орман шаруашылығы қызметкері болғаннан кейін табиғатты қорғау, аңдарды қарау. Қыс қатты болғанда жем-шөп беру.Орман шаруашылығымен айналысатын барлық жандарды құттықтаймын. Жұмыстары жемісті, табысты болсын.

Жалпы, облыстағы орман қорының аумағы өңірдің 5,5 пайызын алып жатыр.