Петропавлдағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте белгілі археолог Марал Хабдулинаның зерттеу жұмыстары талқыланған конференция өтті. Жиынға тарихшылар, зерттеушілер және археологияға қызығушылық танытқан оқушылар мен мұғалімдер қатысты.

Археологиялық зерттеулер тарихымызды тереңірек танып-білуге мүмкіндік береді. Қазақстанда табылған көне жәдігерлер біздің мәдениетіміздің байлығын көрсетеді. Археолог Марал Қалымжанқызы Қызылжар қаласының тарихы Ақтау атты шағын қалашықтан басталғанын айтып, көпшілікті таң қалдырды. Ақтау – Петропавлдың солтүстік-шығысында орналасқан тарихи орын. 1972 жылы мұнда археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, көптеген құнды зат табылды. Бүгінде осы археологиялық жәдігерлер облыстық өлкетану музейінде тұр.

МАРАЛ ХАБДУЛИНА, ҒЫЛЫМ КАНДИДАТЫ, ДОЦЕНТ, К.АҚЫШЕВ АТЫНДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Шын мәнінде, бұл өлкенің ежелгі тарихы ауқымды археологиялық кезеңдерді қамтиды. ХХ ғасырда археологтар зерттеген ең танымал ескерткіштердің бірі — Есіл өзенінің оң жағалауында тұрған қала-қамал. Зерттеу барысында біз оған Ақтау деген атау бердік. Қазба жұмыстары үш жыл — 1979-1981 жылдар аралығында жүргізілді. Біз бұл аумақты толықтай зерттедік. Қала-қамалдың ерекшелігі – оның дала мен орманды дала аймағының шекарасында орналасуы. Осылайша, екі мәдени-тарихи әлемнің тоғысында осы қамал салынған.

Конференция барысында оқушылар Ақтау қалашығының тарихын терең зерттеп, оның макетін дайындады. Бұл жұмыс оқушылардың өлке тарихына деген қызығушылығын арттырған. Олар көне қала-қамалдың ерекшеліктерін дәл жеткізіп, оны тарихты негізге ала отыра қалпына келтіруге тырысты.

АЙЫМ ЧИСТОБАЕВА, ҚОЖАБЕРГЕН ЖЫРАУ АТЫНДАҒЫ №6 ОРТА МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ:

- Бүгінгі таңда біздің қорғап жатқан тақырыбымыз Есіл өзенінің бойындағы ежелгі Ақтау қалашығы. Жобаны жасау кезінде оған қоса макетті де жасадық. Мысалы баяғы кезде ол жерде тек қана үйлер болған, Біз болсақ бұл үйлерді тағы да жандандырып оларды кішігірім макетін жасадық.

Бұл конференция мектеп оқушыларының шығармашылық қабілеттерін шыңдап, болашақ зерттеушілер мен тарихшылардың қалыптасуына оң ықпал ететіні сөзсіз.