Көру қабілетіңіздің нашарлағанын байқасаңыз немесе ауырсыну пайда болса уақыт созбай бірден офтальмолог дәрігерге жүгінгеніңіз жөн. Ешқандай шағым болмаса да профилактикалық тексеруден өткен абзал. Біздің келесі кейіпкеріміз Әмина Мәдиева көру қабілеті нашарлаған жандарға ем-дом жүргізеді. Дәрігер күніне 5-6 ота жасайды.
Қызылжар ауданының тұрғыны Татьяна Юрчук көру қабілеті нашарлағанын байқағаннан кейін емханаға келген. Жасы алпыстан асқан өңір тұрғынының алғашқы отасы сәтті өтіп, енді келесісіне дайындалу үстінде. Айта кетейік, МӘМС аясында орталықта ем-дом тегін жүргізіледі.
ТАТЬЯНА ЮРЧУК, ҚРАСНОЯР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
- Негізі емханаға келгенде арнайы тамшы тағайындап, дәрі-дәрмек жазып беретін шығар деп ойлағанмын. Бірақ, дәрігерлер ота жасау керек екенін айтты. Бәрі ойдағыдай өтті. Менің әпкем де жасатқан болатын. Ол мүлде нашар көретін. Қазір көруі 100 пайызға демесем де 90 пайызға жақсарды.
Әмина Мәдиева Петропавл медицина училищесінің түлегі. Алматыдағы медицина университетінде де білім алған. 30 жылдық тәжірибесі бар маман қаладағы офтальмологиялық орталықта жұмыс істейді.
ӘМИНА МӘДИЕВА, ОФТАЛЬМОХИРУРГ:
- Біз көздің компьютерлік томографиясын жасаймыз, бұл зерттеудің жаңа әдісі. Бұрын соқырлыққа әкелетін ауру түрлері болатын. Қазіргі уақытта біз оларды емдеп жатырмыз. Бүгінде көз аурулары көп кездеседі, оған электронды құрылғыларды көп қолдану себеп. Салдарынан миопия және амблиопия сырқаттары жиі кездеседі.