Қазіргі таңда тұтынушылардың құқықтарын қорғау және ішкі сауданы мемлекеттік реттеу өзекті мәселеге айналып отыр. Облыста жыл басталғалы бері сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне 368 тұтынушыдан өтініш келіп түскен. Бұл туралы өңірлік коммуникацялар қызмет алаңында өткен брифингте айтылды.
Ең көп шағым бөлшек, электрондық сауда, тұрмыстық қызмет көрсету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында байқалады. Бұл көрсеткіш бір жағынан тұтынушылық мәдениеттің артқанын байқатса, жауапкершілігі төмен кәсіпкерлердің де азаймай отырғанын көрсетеді.
ҚАНАТ ЖЕҢІСБЕКҰЛЫ, СҚО САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
- Департамент тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және оларға 5 321 037 теңге көлемінде ақшалай қаражатты қайтаруға жәрдем көрсетті, оның ішінде бөлшек сауда саласында – 2 116 746 теңге, электрондық сауда саласында – 1 876 860 теңге, тұрмыстық қызмет көрсету саласында – 1 323 401 теңге қайтарылды.
Сондай-ақ, сауда қызметін реттеу саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 125 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларында сауда үстемесін мөлшерден тыс асырғаны үшін – 124 бизнес субъектісі және сөре мен кассалық чекте көрсетілген тауар бағасының айырмасы үшін 1 субъект әкімшілік жауапқа тартылды.
ҚАНАТ ЖЕҢІСБЕКҰЛЫ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ СҚО САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
- Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының жобасы қаралуда. Заң жобасы депутаттар қолдаумен бірінші оқылымнан өткен. Бұл заң жобасы бизнес жауапкершілігін арттыруға және тұтынушылардың құқықтарын тиімді қорғауға, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерінде үкіметтік емес институттардың рөлін күшейтуге бағытталғанын атап өткен жөн.
Айта кету керек, қазіргі уақытта тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган «Сапалы Өнім» жобасының тұжырымдамасын және осы жобаны іске асыру жөніндегі Жол картасын қабылдады.