Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында Республика күніне орай салтанатты жиын өтті. Мерекелік іс-шарада өңіріміздің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегі еленіп, шаһардың жетістіктері сараланды.
Салтанатты жиын барысында марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысының атынан облыс әкімі елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар жерлесімізге Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын тапсырды. Оның ішінде «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерін, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарін табыс етті.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ СҚО ӘКІМІ:
-Бұл мейрам тәуелсіздіктің бастауы болған маңызды күн. Жерлесіміз ұлы ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай ата-бабамыз аңсап, армандап кеткен азаттықтың алтын айына қол создық. Мемлекет басшысы Қ,Тоқаевтың шешімімен Рсепублика күнінің қайта оралуы тарихи шешім болды. Президент өз сөзінде қайта жаңғырған Республика күні бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам деп атап өтті.
Нұрлыбек Шахметов Ақжар ауданының тумасы. Аудандағы «Алқатерек агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде механизатор болып жұмыс істейді. Өңірде төтенше жағдай жарияланып, су тасқыны болған кезде өз еркімен көмекке келіп, 12 күн бойы тасқынға қарсы жұмыстарға атсалысқан. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.