Петропавлда жерлесіміз Аманжол Қошановтың туған күніне орай «Тұлғасында тоғысқан алуан дарын» атты еске алу кеші өтті. Бүгінде профессордың көзі тірі болса 90 жасқа толар еді. ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткеріне арналған іс – шараға «Сана» клубының мүшелері, студенттер мен оқушылар мен академиктің туған – туыстары қатысты. Сондай-ақ, «Адам. Еңбек. Мамандық.» атты көрме ұйымдастырылды.


Аманжол Қошанұлы Шал ақын ауданы Алқағаш ауылында дүниеге келген. Ол өмірінің соңына дейін елдің дамуына сүбелі үлес қосқан. Медицина ғылымдарының докторы Жанбатыр Сартаев профессордың көзін көрген, еңбектерін зерттеп шыққан азамат.


ЖАНБАТЫР САРТАЕВ,МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

- Ол кісіні біздің Сергеевка ауылынан шыққан Ломоносов деп айтуға болады. Себебі, соғыстан кейін, 50 жылдары Ломоносов университетіне барып түсу оңай емес. Алматыға да жете алмаған адамдар. Оқыған адам. Оның зерттеу жұмыстарына, ғылым жолына басымды иемін.


Қарындасы Райхан Мәкенова – академик туралы естеліктермен бөлісті. Ағасы екеуінің арасы – 10 жас.


РАЙХАН МӘКЕНОВА, А. ҚОШАНОВТЫҢ ҚАРЫНДАСЫ:

- Біздің жақтан ең алғаш рет шетке кеткен ол біздің ағамыз.17 жасында кетіп, Мәскеуге барып оқыды. Әкеміз қимай шығарып салды. Барлығымыз сағынып күтетінбіз. Жылына бір келіп кететін.Тәрбиелі, өте парасатты адам болды. Бауырмашыл. Ағайын туысқа деген көңілі бөлек еді. Елге келген кезде барлығымызқға міндетті түрде сыйлық әкелетін.


Аманжол Қошанов - 400-ден астам ғылыми еңбектердің авторы. Оның ішінде 40-тан астамы монография сондай-ақ, сөздіктер, мақалалар және оқулықтар бар. Профессордың көптеген зерттеулері шетелдік басылымдарда жарияланған.