Барлық деңгейдегі әкімдер Қызылжар ауданы Новоникольское ауылына экскурсияға барып, елді мекенде атқарылған жұмысты көрді, тәжірибе алды. "Зенченко и К" командиттік серіктестігі ауылды еліміздегі алдыңғы қатарлы елді мекендер қатарына қосып, тұрғындардың жағдайын жасап отыр. 


Командиттік серіктестік өңірдің егін және мал шаруашылығын дамытуға зор үлес қосып келеді. Шаруашылық заманауи технологиялардың арқасында жыл сайын жоғары өнім алады. Озық үлгідегі сүт зауыттары да мұнда алғашқылардың бірі болып салынды. Экскурсия барысында қонақтар мал шаруашылығы кешенімен танысты. Шаруашылықта 15 300 бас ірі қара мал бар. 1100 адам жұмыс істейді. Айта кету керек, ауылда 8 мың бас малға шақталған жаңа кешен салынып жатыр.


ГЕННАДИЙ ЗЕНЧЕНКО, «ЗЕНЧЕНКО И К» КС ДИРЕКТОРЫ:

- Қазір жастардың көпшілігі қалаға кетіп жатыр. Бұл ауылдың қаңырап, бос қалуына әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан, балаларға, жастарға барлық тиімді жағдай жасалуы керек. Біз осы бағытта тынбай жұмыс істеп, мәселенің алдын алуға тырысып жатырмыз. Инфрақұрылымды одан әрі дамытамыз.


Келесі барған нысан Геннадий Зенченко атындағы Новоникольское орта мектебі болды. Білім беру ордасында тренажер залы және еңбек сабақтарына арналған заманауи сыныптар бар. Мұнда 360 бастауыш сынып оқушысы білім алады.


ВИКТОР ВЫСОЦКИЙ, НОВОНИКОЛЬСКОЕ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Асханаға әр сынып жетекшісі балалармен бірге келеді. Оқушылар не жейтіндерін таңдайды. Үш күндік мәзір дайындалып беріледі.


Әкімдер 2016 жылы салынған, ауданы 500 шаршы метрді құрайтын амбулаторияның қызметімен де танысты. Кейін мәдениет үйі мен спорт сарайына барды. Спорт мекемесінде бассейн, үстел теннисі, волейбол мен баскетбол алаңдары бар. Ал мәдениет үйі 270 адамға шақталған. Мұнда музей де жұмыс істейді. Ауыл әкімдері өз әсерлерімен бөлісті. 


МАЙРА ЖАҚЫМСАЛОВА, АҚҚАЙЫҢ АУДАНЫ ГРИГОРЬЕВ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

- Мен округ әкімі ретінде біздің елді мекенде де тұрғындардың әл-ауқатын ойлайтын шаруашылықтардың жұмыс істегенін қалаймын. Бүгін Новоникольское ауылын аралап өте керемет әсер алып отырмын.


ВАЛЕРИЙ ФОРШ, «АЛТЫН ДӘН» АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

- Мен бүгін керемет ауылды көрдім. Бұл жерде тәртіп, ауызбіршілік бар. Әрине, біздің барлық елді мекендерде Зенченко сияқты тегеурінді кәсіпорорындардың жоқтығы өкінішті.


Новоникольское елді мекенін аралаған қонақтар, бұл іс-шарадан мол тәжірибе алды.