Петропавлдағы жаңа «Бірлік» шағын ауданында № 14 учаскелік полиция пункті ашылды. Учаскелік полиция инспекторы жұмысының алғашқы 10 күнінде 2 ұрлық фактісі тіркелген. Негізінен тақтай, цемент, сорғы және тағы басқа құрылыс материалдары қолды болған. 


Ерлан Ноғұрбеков «Бірлік» шағын ауданында учаскелік полиция инспекторы. Күн сайын полиция аға лейтенанты жергілікті тұрғындармен әңгімелесіп, ұрлықтың, интернет-алаяқтық пен отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында аумақты аралап шығады.


«Бірлік» шағын ауданы су тасқынынан зардап шеккен петропавлдықтар үшін салынған. Әзірге жаңа үйлерге 1700-ге жуық адам қоныстанған, алайда күн сайын халық саны өсіп келеді. Тұрғындардың көпшілігі жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқандықтан, өкінішке қарай құрал-саймандар мен құрылыс материалдарының сақталуына көңіл бөлмей жатады. Учаскелік полиция инспекторы жұмысының алғашқы 10 күнінде 2 ұрлық фактісі тіркелген. Ұрланған заттардың қатарында - тақтайлар, цемент, сорғы және тағы басқа құрылыс материалдары бар. Ұрлықтың біреуін Ерлан өзі әшкереледі.


ЕРЛАН НОҒҰРБЕКОВ, № 14 УПП УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРЫ:

- Күн сайын, күндізгі және түнгі уақытта патрульдеуді жүзеге асырамыз. Сондай-ақ, осы шағын ауданда маған бөлінген қызметтік тұрғын үйде жұбайыммен бірге тұрамын. Кеше ғана үйлену тойымыз болды. - Құттықтаймыз! - Көп рахмет. 


Есепке алынған адамдарға ерекше назар аударылады. Қазіргі уақытта «Бірлікте» алкогольді ішімдікке бейім 15 адам тұрып жатыр, олардың үшеуі бұрын сотталған, біреуі есірткіні заңсыз пайдаланғаны үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған әйел. Ерланмен бірге жаңа учаскелік полиция пункті аумағында жедел уәкіл және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор қызмет атқарады.