Петропавлда барлық деңгейдегі әкімдердің қатысуымен облыстық форум-кеңес өтті. Ауқымды шараға 500-ге жуық адам қатысса, оның 200-ге жуығы ауыл әкімі. Жиында ауылды дамыту, жұмысшы кадрларды даярлаудағы жаңа тәсілдер сынды мәселелер көтерілді. Жыл бойы жауапкершілікпен жұмыс істеп, елді мекендерді дамытуда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген ауылдық округ әкімдері де марапатталды.


Солтүстік Қазақстан облысы қазір ауыл саны бойынша республикада екінші орында тұр.3635 ауыл бар. Ауыл халқының үлесі 51%, яғни ауылда 268 мыңнан астам адам тұрады.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Мемлекет басшысы атап өткен аспект – өңірдің дамуы. Экономикалық мәселелерді шешу, халықтың әл-ауқатын арттыру көбіне ауылды дамытумен айқындалады. Бұл алға жылжудың негізгі факторы. Біздің облыс үшін ауылды дамыту мәселесі басымдыққа ие. Ауылдық округ әкімдері үшін бұл басты міндет. 


Ауылдың дамуы кәсіпкерлердің тиімді жұмысымен тікелей байланысты. Әлеуметтік кодекс аясында ауылдық жерлерде кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде гранттар беріледі. Биыл жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға 230 грант қарастырылған.


ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Ауылдық елді мекендерді дамытудың және олардың әлеуетін арттырудың негізгі шарттарының бірі білім берудің және медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру. Бюджеттің үштен бірі білім саласына бөлінген. Биылғы жылы қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда 13,5 пайызға дерлік өсті. 53 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізуге 6,1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2,7 млрд теңгеге 22 нысанға, облыстық бюджеттен 3,4 млрд теңгеге 31 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді.


Новоникольское ауылында тұрғындарға барлық жағдай жасалған. Геннадий Зенченко ауылды дамытудағы тәжірибесімен бөлісті.


ГЕННАДИЙ ЗЕНЧЕНКО, «ЗЕНЧЕНКО И К» КС ДИРЕКТОРЫ:

- Шаруашылықта орташа еңбек ақы 380 мың теңге. 1100 адам осындай жалақы алады. Адамдар ақшаны ойламайды, олар бір жерден екінші жерге көшпей, тыныштық пен тұрақтылықты қалайды.


Марапаттау рәсімінде елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін ауылдық округ әкімдері Алғыс хаттармен марапатталды. Олардың қатарында Нежинко ауылдық округінің әкім де бар.


МАҒЗҰМ ДЮСЕЛЕКОВ, НЕЖИНКА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

- Ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізіліп тұрады. Әркім өз ойын ортаға салады. Біз бірігіп мәселені шешу жолдарын талқылаймыз.


Сондай-ақ жиында ауылдық жерлерде кадрлық әлеуетті арттыру, есірткі қылмысының алдын алу және сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері талқыланды.


Наталья Аитова