Соңғы 8 айдың ішінде ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тұтынушылардан 342 өтінім келіп түскен. Департамент шағымданғандардың шамамен 4,5 млн теңгесін қайтаруға көмектесті.
Сондай-ақ, облыстық экономикалық тергеу департаменті Сауда департаментімен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша тексеріс жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде 15 шаруашылық субъектілерінен тауарлық үстеме бағаны көтеріп жіберудің 23 фактісі анықталды. Қазіргі таңда олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал, 2 көтерме сауда орнына бір жыл ішінде қайталап құқық бұзушылық жасағаны үшін айыппұл салынды.
ҚАНАТ ЖЕҢІСБЕКҰЛЫ, ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
- Департамент витринада және кассалық чекте көрсетілген тауар бағасының сәйкессіздігі фактісі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеріске тұтынушының өтініші негіз болды. Ол ірі сауда желісі филиалдарының бірінде «Gillette» ұстарасы 6199 теңге болып көрсетілгенін айтты. Алайда, төлем жасалған кезде чекте тауардың құны 12 399 теңге деп жазылған. Бұл витринада жазылған бағадан 2 есе қымбат.