Сақтандырылмаған болсаңыз да, сізге тегін медициналық қызметтердің бірқатары қолжетімді, деп хабарлайды Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.

2025 жылы Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қаржыландыруға 1,63 трлн теңге бөлінді. Аталған қызметтер ҚР азаматтарына, қандастарға, босқындарға және ықтиярхаты бар шетелдіктерге қолжетімді. Сонымен қатар, елде уақытша жүрген шетелдіктер де эпидемиологиялық қауіп төндіретін аурулар кезінде көмек ала алады. Қор мәліметінше, науқастарға созылмалы аурулар кезінде жеңілдікпен дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар да қарастырылған. Бұл тізім ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады. Маңыздысы — бұл медициналық қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға көрсетіледі. Медициналық көмек көрсетуден негізсіз бас тарту жағдайлары болса, тұрғындарға әр емханада және ауруханада жұмыс істейтін Пациентті қолдау қызметіне жүгіну ұсынылады. Мәселе шешілмеген жағдайда, шағымды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жолдауға болады.