Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында премьера. Өнерсүйер қауымға Сая Қасымбектің пьесасына негізделген «Қол» атты спектакль ұсынылды.Көреремен ықыласына бөленген туындыда қазіргі қоғамда белең алған жемқорлық сипатталды.


Сыбайлас жемқорлық – күрделі қоғамдық құбылыс. Ол барлық салаға әсерін тигізеді. Салдарынан тұтас ел дамуының тежелуіне әкеліп соқтыратыны анық. «Қол» спектаклінің режиссері жемқорлық неден туындап, қаншалықты зардабын тигізетінін көрсетуді мақсат тұтқан.


БЕКБОЛАТ ҚҰРМАНҒОЖАЕВ, РЕЖИССЕР:

- Жеке адамның сана-сезіміндегі осалдығы көріп тұрғын байлықты алайын деген кезде екінші жартысы оны тоқтатады. Сонда адам өзінің санасының екіге бөлінуімен алысады. Адам болып туғаннан кейін адам болып қалу керек. Адам болып қалу жолында өз-өзімен күресі.


Қойылым желісі бойынша адам санасы екіге бөлінеді. Сол қолы ақшаның артынан жетелеп, оңай олжаға сүйрелесе, оң қолы оны дұрыс жолға, адалдыққа шақырады. Сол тайталастың иесі ретінде басты рөлді - Мәдениет саласының үздігі Асылхан Рәзиев сомдады.


АСЫЛХАН РӘЗИЕВ, С.МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТЕРІ:

- Бір адамның басшылыққа келіп, сол лауазымнан әрі қарай болам ба болмайм ба, алам ба не алмайм ба деген жан арпалысын көрсетеміз. Бір сағаттың ішінде спектакльдің желісі бойынша менің костюмім сияқты ақ пен қараның тартылысына куә боласыздар.


Жалпы, бұл спектакльде 10 актер ортаға шықты. Қойылым келесі жұма күні жаңа құраммен көрерменге тағы ұсынылады.