Өңір полицейлері жергілікті тұрғынның ақпараты бойынша есірткіні жарнамалаған және сатқан күдіктіні ұстады. 22 жастағы жігіттің жалдамалы пәтерін тінту барысында 160 грамм "мефедрон" және "α-PvP" синтетикалық есірткілері табылды. 


Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері еріктілермен бірге акция өткізді. Олар есірткі сататын интернет-дүкендердің мекенжайлары жазылған «есірткі граффитиі» деп аталатын жазуларды бояды.


НАРИМАН ТОҚСАНБАЕВ, ВОЛОНТЁР:

- Полиция қызметкерлерімен бірлесіп осындай акцияларға үнемі шығып тұрамыз, есірткі жарнамасын бояп өшіреміз. Жұмысшы кентінде өткен осы акция барысында 50-ден астам граффитиді өшірдік. 


Акция барысында жергілікті кәсіпкер полицейлерге жүгініп, оның дүкенінің сыртқы бейнекамерасы есірткі граффитиін салып жатқан адамды түсіргенін айтқан. Осы жазбаның арқасында Жамбыл облысының 22 жастағы тұрғыны жедел анықталып, ұсталды.


Күдіктінің жалдамалы пәтерін тінту барысында бояу құтыларынан бөлек 160 грамм "мефедрон" және "α-PvP" синтетикалық есірткілері, электронды таразы, буып-түю материалдары табылды.


АСҚАР МҰХАМЕТҚАЛИЕВ, СҚО ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Ұсталған адам елуден астам граффити жазба жазған. Оларды полиция қызметкерлері еріктілермен бірге жойды. Оның әрекеті Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі және 299-1-бабы бойынша сараланады.қазіргі уақытта күдікті уақытшы ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүріп жатыр. 


Полицейлер күдікті жайтты байқаған жағдайда бұл туралы полицияға хабарлауға кеңес береді.