Петропавлда бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Оған маман іздеп жүрген 30-ға жуық кәсіпорын қатысты. Тәжірибесі мен еңбек өтілі жоқ жастар мен студенттер де өздерін қызықтырған жұмыс орны жайлы ақпарат ала алды. Жалпы іс-шараның мақсаты жастар арасындағы жұмыссыздықты жою және оларға қолдау көрсету.
ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі де жас мамандарды жұмысқа қабылдауға ынталы. Бүгінде әскери қызметте 100-ге тарта бос орын бар. Айта кетсек мұнда кинологтар, взвод сержанты, бөлімше командирі, байланыс мамандары, жүргізушілер, медицина мамандары тағы басқалары қажет.
БАҚЫТ СӘДУАҚАСОВ, ҚР ҰҰ 6637 ӘСКЕРИ БӨЛІМІ ТЖӘҚЖ БӨЛІМШЕСІ БАСТЫҒЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ:
- Қазіргі уақытта тілек білдіруші үміткерлерді өзімізге шақырамыз. Бірінші кезекте әскери қызметшілердің заңмен барлық мүмкіндіктерін қарастырылады. Тұрақты түрде жыл 12 ай ай сайынғы жалақымен қамтамасыз етіледі. Еңбек демалысына шыққанда оның жалақысы жүре береді. Соынмен қатар әскери қызметшілердің әр отбасы мүшесіне тұрғын үй төлемдері жүргізіледі.
Бос орындар жәрмеңкесіне Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті Константин Старинков те келді. Ол биыл 4-ші курстың студенті. Дипломын қолына алғанша дейін жұмыс табуды мақсат етіп отыр.
КОНСТАНТИН СТАРИНКОВ, СТУДЕНТ:
- Менің мамандығым техник-технолог. Қазір өзіме жұмыс іздеп жүрмін. Жалпы маған ас үйде жұмыс істеген ұнайды. Әртүрлі мейрамханаларда еңбек еттім.
Бүгінгі жәрмеңкеде 640-тан астам бос жұмыс орын ұсынылды. Сондай-ақ осындай іс-шара облыстың 13 ауданында да өткізілді. Қазір өңірде жалпы 2500 мыңнан астам бос орын бар.
РИНАТ ЕЛЖАСОВ, СҚО ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Біз барлық ұйымдарға, оқу орындарына, жұмыссыз азаматтарға қоңырау шалдық. Жұмыс тапқысы келетіндердің барлығы бүгін осы жерге жиналды. Жалпы облыс бойынша барлығы 4500-ден астам азамат жұмыссыз деп тіркелген. Енді мәселені шешу үшін жыл сайын осындай жәрмеңке ұйымдастырамыз. Кейін олар келіп барлық осындағы жұмысшы іздеген адамдармен сөйлесіп, өз сұрақтарын қоя алады.
Сондай-ақ, жәрмеңкеге қатысушылар жұмыспен қамту орталығының бағдарламасымен де танысты. Егер олардың өз өнімдерін өндіреміз деген ниеттері болса 400 АЕК-ке дейін грант ала алады.