Жыл сайын әлемде ай-күні толмай, 13 млн бала шала туады. Бұл дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі. Мамандардың айтуынша мұндай сәбилерге қойдың жүнінен жасалған киім-кешек пен жөргектің пайдасы мол. Петропавлдық еріктілер шала туған шақалақтар мен олардың анасына қол ұшын беру мақсатында биалай-байпақ, күртешелер тоқып, перинаталдық орталықтың жан сақтау бөлімінде жатқан сәбилерге сыйлап жүр.


Айнұр Алтаева 8 баланның анасы. Кенжесі туа бітті жүрек ақауымен дүниеге келген. Жансақтау бөлімінде жатқан сәбиіне барып, жүннен тоқылған күртеше кигізілген шала туған балаларды көргенде таң қалғанын айтады.


АЙНҰР АЛТАЕВА, ВОЛОНТЕР:

- Шамам келгенше қол ұшымды берсем деген оймен келдім. Махаббатпен тоқылған нәрсе енді бұлардың бәрі. Кездесуге келе алмаған кезде үйде тоқып, әкелеміз енді. Мынау ең бірінші тоқығаным. Тоқуға осы жерде отырған қыздар үйретті. Тоқуға өзі жоқ адам тұғым. Бірақ «адам істегенін адам істейді демекші», жоқ, үйренді қолым.


Қазір Айнұр «28 ілмек» клубының белсенді мүшесі. Қайырымдылық қоры 2012 жылы құрылған. Қазір 14 мемлекетте филиалы бар. Аталған клуб Петропавлда 6 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында еріктілер 400-ден астам балаға тоқыма киімдер мен ойыншықтар сыйлаған. Солардың бірі кішкентай Айзада. Шақалақ 31 аптада дүние есігін ашыпты.

 

АЛТЫН ОМАРОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

- 1,9 кг, 48 сантиметр болып қызым дүниеге келді, кішкене асығып. Аллаға шүкір, қазір жағдайымыз жақсарып келе жатыр. Зонтпен тамақ іштік. Қазір әл жинап, кішкене соскамен.


Дәрігерлердің айтуынша шала туған балалар ұзақ уақыт ұйықтаған кезде дем ала алмай қалуы мүмкін. Ал жүннен тоқылған киімдер сәбидің денесін жыбырлатып, жүйке жүйесі арқылы бас миына импульс береді. Осылайша тыныс алу рефлексінің дамуына үлес қосады.


ГҮЛНӘР ИМАНБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ НЕОНАТОЛОГ ДӘРІГЕРІ:

- Жүннен тоқыған жаялық күні жетпей туған балаларды салғанда олар әлгі анасының жатырында жатқандай болады. Бір жағынан жылы да болады, одан кейін сол жүннен әр түрлі ойыншықтар тоқып береді. Мына осминожки сияқты. Балалар қолмен ұстап, неткенде әлгі анасының жатырында жатқанда өзінің пуповинасын ұстағандай болады.


22 мен 37 апта аралығында дүние есігін ашқан сәбилер шала туған балалар санатына жатады. Қазақстанда жылына 20 мыңға жуық бала ай-күні толмай өмірге келеді.


ЭЛЬМИРА КӘЛЕНОВА, ТІЛШІ:

- Қазақ халқы ежелден-ақ табиғи жүн мен терінің пайдасы барын білген. Сондықтан ай-күні жетпей туған балаларды «Тымаққа салу» дәстүрі болған. Ата-анамның айтуынша мен де шала туыппын. Әжем екі ай бойы тымаққа салып өсірген екен. Ал медицина дамыған бүгінгі заманда тымақтарды шыны кувездер алмастырды.


Эльмира Кәленова