Испанияда өткен Әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан Ислам Евлоев елге оралды. Чемпион жерлесімізді бүгін теміржол вокзалынан өңір спортшылары, достары мен туған-туысқандары қошеметпен күтіп алды.


Ислам Евлоевты күтіп алуға келгендердің арасында оның жақындары, жаттықтырушылары мен достары бар. Айта кету керек, жерлесіміз грек-рим күресінен 82 келіге дейінгі салмақта сынға түскен. Финалда спортшы түрік балуанын айқын басымдықпен жеңіп, тактикалық шеберлігінің жоғары деңгейін көрсетті.


ИСЛАМ ЕВЛОЕВ, ГРЕК-РИМ КҮРЕСІНЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:

- Менде бес кездесу болды. Германия, Чехия, Қытай, Ресей және Түркия елдерінің спортшыларымен белдестім. Финалға дейінгі қарсыластарымды мерзімінен бұрын жеңдім. Ал финалда өте мықты, әлемнің, Еуропаның екі дүркін чемпионы түрік спортшысымен сынға түстім. Алдағы уақытта да байрақты бәсекелерге дайындалатын боламын.


Ислам Евлоев финалда түрік қарсыласын 9:3 есебімен жеңді. Жалпы, спортшы бұл сайысқа 4 ай бойы дайындалдаған. Жеңімпаз ең алдымен өзінің жаттықтырушыларына алғысы шексіз екенін жеткізді.


ҚОНЫСБЕК ТҮКЕНОВ, ГРЕК-РИМ КҮРЕСІНЕН ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:

- Ислам енді 2018 жылы Көкшетау қаласынан менің қолыма келді. Екеуіміздің бапкеріміз бір. Бірінші бапкерім осы жігітті маған ұсынды. Қызылжар қаласының мақтанышы болады деді. Алдағы жоспарымыз 2028-де Олимпиадаға қатысып, Олимпиада шыңын бағындыру.


Чемпионатқа барлығы 43 елдің спортшылары қатысты. Қазақстан құрамасы медаль саны бойынша екінші орынға тұрақтады.