Өңірде жауын-шашын кесірінен жиын-терім жұмыстары кестеден қалып, кешеуілдеп жатыр. Ел бойынша 23 млн гектар алқапқа дән себілген. Оның ішінде шамамен 4,4 млн гектары облысқа тиесілі. Әзірге дақылдың тек 17 пайызы ғана орылды. Ауа райы ыңғай бермесе, шаруалар биыл шығынға батамыз деп налиды.
Қазір шаруалар орта есеппен әр гектардан 17 центнер өнім алып жатыр. Күннің көзі жетіспегендіктен егін сапасы орташа, дейді диқандар.
ЕРКЕБҰЛАН ЖАХАНОВ, ШАРУА:
- Күн сәл ашылды, соның өзінде егіске кіре алмай жатырмыз. Өйткені жер кеппеген. Жалпы дәннің сапасы онша емес, себебі ылғалдылығы жоғары. Алдыңғы жылы енді сәл жеңілдеу болған. Дер кезінде жинамаған соң, жердің бетіне арпа, бидай, жасымықтың егіндері түсіп жатыр.
Жалпы күзгі науқан басталғалы ел бойынша 7,5 млн тонна астық бастырылған.
Мейрам МЕҢДІБАЕВ, СҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Қоймаларға егіннің 180 мың тоннасы түсті. Үшінші классы былай айтқанда 50 пайызға таман. Шамамен 47.8пайыз болып тұр. Оның сапасы жылыға қатысты көтеріліп жатыр.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері күн ашық болмақ.
ЮЛИЯ СМИРНЯГИНА, “ҚАЗГИДРОМЕТ” РМК СҚОФ ИНЖЕНЕР-СИНОПТИГІ:
- Қыркүйектің екінші онкүндігінде күн ашық. Ал соңы жауын-шашынды болмақ. Қазан айында да жаңбыр молынан жаумақ. Жалпы, биыл жаз мезгілінде жауын-шашын мөлшері қалыпты көрсеткіштен 2-3 есе асып түскен.
Синоптиктер қыркүйектің аяғында күн райы бұзылып, қар жауады деп болжап отыр. Бидай қардың астында қалмау үшін шаруалар орақты күні-түні жүргізуге көшкен.