Облысқа ҚР Көлік министрі келді. Марат Қарабаев алдымен өңір тұрғындарымен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Өңір тұрғындары негізінен жолдың сапасына қатысты мәселені көтерді. 


Марат Қарабаев өңірімізге соңғы рет желтоқсан айында келген еді. Онда да облыс халқымен кездесу өткізді. Бұл жолы министр тұрғындарға сол кезде көтерілген мәселелердің қайсысы шешімін тапқанын айтып, есеп берді.


МАРАТ ҚАРАБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:

- Өткен кездесуде бұрын жұмыс істеген, кейін тоқтап қалған «Тальго» пойызы жайлы сұрақ қойылды. Тұрғындардың сұрауымен «Алматы - Петропавл» бағыты бойынша пойыз биыл наурыз айынан бастап іске қосылды. Тағы «Петропавл –Шымкент» әуе рейсін қайта ашу мәселесі көтерілді. Бұл бағыт шілде айынан бастап қайта ашылды. Билет құны – 25 мың теңге.


Өткен кездесуде жолдың сапасына қатысты сұрақтар да көп болған еді. Биыл да бұл мәселе қайта көтерілді. Мәселен тасымалдаушы жолдың нашарлығына байланысты "Петропавл-Тахтаброд" бағытын жабуға мәжбүр болған.


ЕВГЕНИЙ СЕРЕЧКОВ, «ВЕКТОР СЕРВИС» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Біз бұл бағыттан бас тарттық, өйткені көлік жүргізу мүмкін болмады. Сіз 2025 жылы жол істеледі деп айттыңыз. Оған дейін уақытша ой-шұңқырды тегістеуге болмай ма?


Марат Қарабаевтың айтуынша, конкурс ұзақ өтіп, мердігер компаниялар жуырда ғана таңдап алынған.


Келесі сұрақ та жолға байланысты қойылды. Петропавлдан Булаевқа дейінгі негізгі трасса жақсы, ал әрі қарай мүлде жүріп болмайды.


ТАЛҒАТ СМАҒҰЛОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК» АҚ СҚОФ ДИРЕКТОРЫ:

- Бұл участкеде біз Булаевтан Возвышенкоға дейін 40 шақырымда орташа жөндеуді биыл аяқтаймыз. Кейін Возвышенкодан Молодогвардейскоеге дейін және әрі қарай 656 шықырым жолды келесі жылы жөндейміз.


Бүгін жиында көтерілген мәселелер алдағы уақытта түрлі деңгейде қарастырылады деп министр Марат Қарабаев уәде берді.