Сәуір айының басында 22 жастағы петропавлдық жеңіл ақша табамын деп есірткі сатумен айналысатын интернет-дүкенде жұмыс істей бастаған. Бір айға жуық уақыттың ішінде ол 40 мың теңге табыс тапқан. Алайда көп ұзамай полицейлер жігітті қылмыс үстінде қолға түсірді. Тінту кезінде одан синтетикалық есірткі салынған түйіншектер табылды. Кейін жауап алу нәтижесінде қаланың шеткері аудандарында және саяжай қоғамдастықтарының бірінде есірткі жасырған орындар анықталды. Жалпы салмағы 14,92 гр. болатын, халық арасында тұз аталып кеткен есірткі және 22,15 гр. мефедрон тәркіленді. Сот жігітті кінәлі деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енді. Жалпы жыл басынан облыста есірткі өткізгені үшін 25 жасқа дейінгі 25 адам сотталды.