Жаңа оқу жылында бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылады. Яғни, 1-4 сынып оқитын балалар әлеуметтік мәртебесіне қарамастан мектепте ыстық ас ішеді. Көмектің бұл түрі жоғарғы сынып оқушыларына да бар, алайда аз қамтылған отбасылардың балалары ғана ыстық тамақпен тегін қамтылмақ.
Петропавлдағы Қожаберген жырау атындағы нөмірі алтыншы орта мектепте жалпы 1070 оқушы білім алады. Оның ішінде 450-ге жуық бала бастауыш сыныпта оқиды. Ал әлеуметтік аз қамтылған 51 оқушының 41 жоғарғы сыныпта білім алады. Оларға бюджет есебінен тегін ыстық тамақ беріледі.
АЙДОС СЕРІК, 4 "В" СЫНЫБЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ:
- Маған тамақтар ұнайды. Олар өте дәмді. Мен тамақты ішіп болған соң, аспазшы тәтеге рақмет айтамын.
АҚНҰР БЕЙСЕМБАЕВА, ӘЛЕУМЕТТІК ҰСТАЗ:
- Оқу жылының басынан бастап балаларды тамақтандыру мәзірі мектеп директорымен келісілген. Бұл мәзірге әртүрлі азық-түліктер қосылған. Оның құнарлығын және сапасын ірашанда күнәра медициналық қызметкер тексеріп отырады.
Ал облыс бойынша бастауыш сыныпта оқитын 30 мыңнан астам оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Оқушыларды құнарлы аспен қамтамасыз ету үшін тамақтың құрамын, сапасын анықтайтын арнайы комиссия тобы бар. Олар мектеп асханаларына үнемі тексеріс жүргізеді.
ӘСЕЛ ОРАЗБАЕВА, СҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
- Егер облыста 30 мыңнан астам бастауыш сынып оқушысы болса, оның 3,5 мыңнан астамы жалпы оқыту қорынан тамақтандырылады. Әр балаға 614 теңгеден бөлініп отыр. Қалған балаларға жергілікті бюджеттен ақша бөлініп отыр. Сол қаражатқа тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.
Мектеп асханасынының ас мәзірі медицина мамандарының ұсынысымен әзірленеді. Оның ішінде майлы, қуырылған, шұжық өнімдері қосылған тағамдар болмауы тиіс.
Зарина Кәп