Биыл Семей полигонының жабылғанына – 33 жыл. 468 ядролық сынақ жүргізіліп, салдарынан 1 млн 300 мыңнан астам адам зардап шекті. Сынақ алаңы 91-ші жылдың 29-шы тамызында ресми түрде жабылды. Бүгін атаулы дата қарсаңында облыстық мемлекеттік архивте дөңгелек үстел өтті.
1949-1989 жылдары жүргізілген сынақтардың ядролық қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2 жарым мың есе артық болды. Салдарынан өлім-жітім деңгейі жоғарылап, онкологиялық дертке шалдыққандардың қатары көбейді. Жиында бейнероликтер көрсетіліп, фотоқұжаттардан көрме ұйымдастырылды.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Бұл оқиға Қазақстанды бүкіл әлемге танытқан оқиға болды. Себебі, еліміз ядролық қару-жарақтың жарылуын тоқтату жөніндегі құжатты қабылдап қана қоймай, оны жүзеге асырып, полигонды жапқан мемлекет болып есептеледі. Бұл біз үшін теңдессіз жетістік.
Сол бір қатерлі күндерді бастан өткеріп, атам бомбаларының жарылыстарын өз көзімен көргендердің бірі жерлесіміз – Асхат Төлепбергенов. Ресми мәліметке сүйенсек, сол жылдары 600-ден астам солтүстікқазақстандық азамат Семей жерінде әскерде болған. Бүгінде соның небәрі 30-ға жуығы үкіметтен берілетін өтемақы алады.
АСХАТ ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ, «СҚО СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫ» ҚБ ТӨРАҒАСЫ:
- 1970-ші жылы әскер қатарына шақырылып, Семей полигонына түстік. Біз оны білгеніміз жоқ. Ол кезде құпия болды. 91-шы жылы жабылғаннан кейін айтыла бастады. Қазір көрген білгенімізді ашық айта аламыз. Солай 2 жыл қызмет атқардық.
Жиынға өңірдің зиялы қауым өкілдері, қоғамдық бірлестік ұйымдарының мүшелері және жастар ресурстық орталығының қыз-жігіттері қатысты. Іс-шарада онлайн байланысқа шыққан қатысушылар да болды.