Облыс орталығында өңірлік кадр резервтеріне іріктеу жұмыстары аяқталып қалды. Жобаның алғашқы кезеңіне облыстан 120-ға жуық үміткер қатысқан болса, оның 34 -і «Құрылымдық комиссия» кезеңіне өткен.


1-ші наурызда Қазақстанда өңірлік кадр резервтеріне іріктеу басталған. Жобаға жасы 35 жастан аспаған, жоғары білімі мен 3 жыл жұмыс өтілі бар адамдар өз кандидатурасын ұсынған еді. Сондай үміткерлердің бірі Дархан Кәрімжан.


ДАРХАН КӘРІМЖАН, СҚО ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ:

- Бағдарлама бойынша өз жобамызды қорғаймыз. Жобаны көрсетеміз комиссия мүшелеріне. Осы іріктеуден өтсек 2 жылға өңірлік кадр резервіне қосыламыз. Менің жобам балалар үйіндегі балалар бойынша оларды қамқорлыққа алу, оларды өмірге дайындау туралы. Облыста адамдар бар ғой көмектесе алатын, солардың басын қосып балалар жайлы мәселені көтеріп, көмектесу.


Елімізде алғашқы рет өтіп жатқан жоба арқылы басқару қабілеті бар дарынды жастар бос тұрған лауазымдарға орналаса алады. Байқау нәтижесінде 20 адам іріктеліп, резерв құрамына қабылданады.


АСҚАР БАЙМҰҚАНОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ, СҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

- Бүгінгі күні бізде өңірлік кадр резервіне іріктеудің соңғы кезеңі өткізіліп жатыр. Ол – «Құрылымдық сұхбат». Қазіргі уақытта өңірлік кадр комиссияның алдында біздің үміткерлер өз жобаларын көрсетіп жатыр. Қабылданғаннан кейін 2 жыл бойы біздің үміткер жергілікті атқарушы органдардың жоғары лауазымдарына конкурссыз тағайындала алады.


Айта кетейік, бағдарлама аясында жалпы саны 200-ге жуық адам өз жобасын ұсынған. Соның ішінде 120 үміткер іріктеліп шыққан.


Ерлан Жұмахан