Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасында БАҚ қызметкерлерімен бірге медиа-ланч өтті. Жиында жыл бойы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылымдық бөлімі атқарған жұмыс талқыланып, өзекті мәселелер көтерілді. Соңғы 6 ай ішіндегі сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстары да қорытындыланды.


Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау аясында мекеме мүшелері прокуратура, сот, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істеген. Жүктелген міндет аясында мамандар 8 жиын ұйымдастырып, 23 мәселені көтерген. Сұраққа толы істің бірі – «Тлеужанов» жеке кәсіпкерлігіне қарасты жағдай болды.


ИНЕССА ҚУАНОВА, КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ:

- Біздегі жұмыстар «Диалог» форматында жүргізіледі. Көбінесе түсіндіру, мәселені ашып көрсету жұмыстары. Бірақ серіктестеріміз, прокуратура, сот, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері келген кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап тауып, шешуге көмектеседі. Қазір жемқорлық көбінесе мемлекеттік сатып алулар кезіндегі байқауда жиі кездесіп жатады. Бізде бір кәсіпкер күтпеген жерден осы байқауды жеңіп алды. Оған 23-24 млн теңгеге орындалуы тиіс жұмысты, 10 млн теңгеге міндеттемек болған. Қаражат арасындағы айырмашылық жермен-көктей. Қар шығару жұмыстары 3 аумақты қамтиды деп бекітіледі. Дегенмен таныс емес адамдар келіп «Бұл жерге қар төкпеңдер» деп тағы жағдайды шиеленістіреді. Кәсіпкер бірден бізге жүгінді. Мемлекеттік орган мүшелері бұл түсініспеушілік деп баға берді. Қазір бұл сұрақты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қарастырып жатыр.