Қызылжар ауданында көктемгі тасқыннан зардап шеккен 19 тұрғын баспаналы болды. Қоныс тойын тойлағандардың бірі - Наталья Рыль. Оның Прибрежное ауылындағы үйі суға кетіп, «апатты» деп танылды. Енді отбасымен бірге аудан орталығы Бескөлде тұратын болады. Оларға қор қаржысына үй сатып алынды. Баспана иелерінің қуанышына аудан әкімі Сақтаған Сәдуақасов ортақтасты.


Ерлі-зайыптының үйін 13 сәуір күні су басқан. 1980 жылы салынған баспана су тасқынына шыдас бермей, қабырғалары опырылып қалған. Апатты деп танылған үйдің орнына отбасыға 2019 жылы салынған баспана бұйырды. Бұрынғы қоныстың ауданы 80 шаршы метр болса, қазіргісі - 98 шаршы метр.


НАТАЛЬЯ РЫЛЬ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Қаладан ауылға көшіп келіп, үй алған едік. Баспанамызды ешқашан су басқан емес. Бірақ, жағдай осылай болды, амал қанша. Міне, енді үйдің жақсысын таңдап, сатып алдық. Жаңа баспанамыздың іші жарық, аумағы кең. Гараж, моншасы да бар. Балаларға арналған ойын алаңы тағы бар. Барлығы көңілімнен шықты.


Прибрежное ауылында 11 жыл бойы тұрып келген Наталья Рыльдің қазіргі үйі төрт бөлмелі әрі кең. Баспананы сатып алуға «Қызылжар Асар» қоры қаражат бөлген. Қоныс иелерінің қуанышына Қызылжар ауданының әкімі Сақтаған Сәдуақасов ортақтасты.


- Вам это дом понравился?

- Очень.

- Конечно мы подбирая каждый дом, мы подходим индивидуальный.


Қазіргі таңда аудан бойынша 19 тұрғын осындай баспанаға ие болды. Оған қоса, 30 азаматтың құжаты рәсімделіп жатыр. Ал 170 азаматтың жаңа үй сатып алу бойынша өтініші қарастырылып, комиссиядан өтті.


САҚТАҒАН СӘДУАҚАСОВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Кейбір құжаттар, мысалы, толығымен дайын емес. Осындай сатып жатқан азаматтардың да кейбір құжаттары толғымен дайын емес. Есепшоттары да жоқ. Мысалы, кейбір осындай үйлер тіркеу барысында. Кейбір азаматтар оны керек қылмайды ғой, құжаттар дұрыс емес. Сатып алып жатқан азаматтардың да құжаттары дұрыс болмай жатады. Соның барлығын тездетіп, көмектесудеміз, рәсімдеудеміз.


Жалпы Қызылжар ауданында тасқын кезінде 1546 үй су астында қалған. Техникалық тексерістен кейін 300 баспана тұруға жарамсыз деп танылды.