Облыста полицейлер мен дәрігерлердің бірлескен іс-шарасы өтті. Мамандар түнгі трассада кезекшілік атқарып, жүргізушілердің денсаулығын тексерді. Облыстық полиция ведомствосы баспасөз қызметінің материалына назар аударайық.
Өңір жолдарында тек 5 ай ішінде 146 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 16 адам қаза тауып, 206 адам түрлі дене жарақатын алған. Апаттың тууына көбіне жүргізушілердің шаршауы себеп болып жатады. Өңір полицейлері «Астана-Петропавл» тас жолындағы жүргізушілердің физикалық жағдайын тексеру үшін медицина қызметкерлерімен бірге кезекті түнгі рейдке шықты.
Руслан Кучумов, СҚО ПД патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары:
- Облыстық ПД жедел медициналық көмек қызметкерлерімен бірлесіп түнгі уақытта жүргізушілердің, негізінен ауыр жүк көлігінің, сондай-ақ жолаушыларды тасымалдайтын жүргізушілердің денсаулығын тексеріп жатырмыз. Олардың шаршау дәрежесін тексереміз, демалуға ұсынымдар береміз, қажет болған жағдайда жүк тасушыларды тұрақ орнына алып барамыз.
Рейд облыста 10 маусымнан бастап өтіп жатқан «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы аясында өтті. Адамдар полиция қызметкерлері мен дәрігерлердің акцияларын оң бағалады.
Владимир Стрижонок, жүргізуші:
- Қазір ауа райы ыстық, әсіресе, жасы үлкен адамдарды бақылау керек. Демалу керек, себебі режимді сақтасаңыз өзіңіз бен өзгенің өмірін сақтап қалуңыз мүмкін. Бұл әсіресе шетелге баратындар үшін өзекті. Қазір бізде тұрақтар жақсы жабдықталған. Адамдар өздерін азаптағаннан гөрі, тоқтап жолда ұйықтап алғаны дұрыс. Ал полиция қызметкерлеріне менің денсаулығым үшін аландаушылық білдіргеніне алғыс айтқым келеді.
Сондай-ақ, «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасының 3 күні ішінде полицейлер қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан 126 түрлі заң бұзушылықты анықтады. Өрескел құқық бұзушылықтардың ішінде - рульде телефон арқылы сөйлесу және маневр жасау ережелерін бұзу бар. Заңсыз қайта жабдықтаудың 4 және техникалық тексеруден өтпеген автобустардың бағытқа шығуының 6 фактісі анықталды. Нәтижесінде автобус парктерінің 4 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.