Орыс әдебиетінің классигі Александр Пушкиннің туғанына биыл 225 жыл. Ол хәкім Абай секілді екі халық арасында достық қазығын қаққан біртуар тұлға. Ұлы ойшыл қалам тербеген сан қилы лирикалық өлең, повесть, драмалық шығарманың қай-қайсысын алсаң да, одан шын ынта мен үлкен еңбектің жемісін байқайсың. Бүгін осы айтулы күнге орай облыстық кітапханада қабырғалы қаламгердің жырлары оқылып, шығармашылығы кеңінен насихатталды.
Александр Пушкин орыс әдебиетін жаңа арнаға бұрып, халқының мұң-мұқтажын шығармаларына өзек етті. Ол қалам тербемеген әдебиеттің жанрлары кемде-кем. Дарынды тұлға барлығы 12 поэма, 783 өлең, 8 драмалық, 15 прозалық шығарманы жазып, артына мұра етіп қалдырды. Барлық еңбектерін қосқанда 16 томға жетеді. Бүгін әдеби кеште әдебиет сүйер қауым ақынның ең таңдаулы туындыларын жатқа оқып, өз өнерлерін ортаға салды.
ЕЛИЗАВЕТА КУЗНЕЦОВА, БІРІНШІ ҚАЛАЛЫҚ ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН IT-ЛИЦЕЙІНІҢ ОҚУШЫСЫ:
- Биыл біз бірнеше сахналық қойылым қойдық. Солардың ішінде Александар Пушкиннің Моцарт және Сальери шығармасынан көрініс көрсеттік. Себебі, бұл ақынның аса танымал емес туындыларының бірі . Бірақ біз осы шығармасын негізге ала отырып, жастар арасында әдебиеттің маңызды екенін жеткізгіміз келді. Сонымен қатар осы қойылымға менің сыныптастарым да қатысып, өз үлесін қосты.
Ауқымды іс-шара барысында «Глагол» театр-студиясына «Халықтық» атағы берілді. Оған қоса, бұл марапат 1- IT лицей ұжымына да табысталды. Жалпы, биыл облыста 9 көркемөнерпаздар ұжымы арнайы атақты алған.
САНДУҒАШ ЖОЛАМАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ХАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ МӘДЕНИ-БОС УАҚЫТ ҚЫЗМЕТІ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- 97 ұжым болып табылады бүгінгі халықтық және үлгілі атағы бар ұжымдардың қатары бізде ұлғайды биылғы жылы. Ол бізді өте қуантады. Негізі, халықтық атағын алу үшін белгілі ұжым еңбек өтілі 5 жылдан артық болуы керек. Соның ішінде жұмыс барысында көптеген облыстық, халықаралық байқауларда алған жүлделі орындары болуы керек. Сонымен қатар газет-журнал беттерінде мақалалары болуы керек.
Бүгінде еліміздің бірқатар қалаларында Пушкинге арналған ескерткіш-мүсіндер бар, көшелерге есімі берілген. Атап айтқанда, Петропавл саябағы маңында «Абай-Пушкин» композициясы орналасқан. Қазір ол шаһардың ең көрнекті жерлерінің біріне айналып отыр. Жалпы, ұлы ақынның құрметіне дүние жүзі бойынша 1000-нан астам ескерткіш қойылған.